Мәжіліс үш жылдық бюджетке Сенат енгізген түзетулермен келісті
АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісі «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға Сенат енгізген түзетулермен келісті.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еркін Әбіл биылғы 21 қарашада аталған заң Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жалпы отырысында қаралғанын еске салды.
«Сенат «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына жалпы сомасы 118,8 млрд теңгеге 135 түзету енгізді . Оның ішінде 2025 жылы – 60 млрд теңге, 2026 жылы – 38,5 млрд теңге, сондай-ақ 2027 жылы 20,3 млрд теңге қамтылды. Бұл шығыстар өңірлерді қолдауға, атап айтқанда «Ауыл ел бесігі» бағдарламасын іске асыруға, көлік инфрақұрылымын дамытуға, сумен жабдықтауға және су бұруға, газ тасымалдау жүйесін дамытуға және басқа да бағыттарға жіберілді. Жалпы, Сенат енгізген түзетулер республикалық бюджет жобасы параметрлерінің тепе-теңдігін бұзбайды және экономика мен өңірлерді одан әрі тұрақты дамытуға бағытталған. Баяндалғанды ескере отырып, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті Парламентінің Мәжілісіне Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулармен келісуді ұсынуға болады деп есептейді», - деді Е. Әбіл.
Жалпы отырыс кезінде палата депутаттары бұл ұсынысқа қолдау білдірді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 21 қарашада Сенат республикалық бюджет туралы заңды Мәжіліске қайтарды.