Мәжілісте машина жасау саласын дамытуға бағытталған заң жобасы екінші оқылымда қаралды
АСТАНА.KAZINFORM - Мәжіліс отырысында Қазақстан Республикасының «Машина жасау саласын дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыланды.
Баяндамамен Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мұқаш Ескендіров сөз сөйледі. Оның айтуынша, құжат 2026 жылғы 21 мамырда бірінші оқылымда мақұлданған.
Заң жобасында бірқатар маңызды нормалар көзделген. Атап айтқанда, шағын және орта бизнес субъектілерінің қатысуымен өндірістік кооперацияны дамытуға бағытталған өнеркәсіптік кластерлер институтын енгізу ұсынылады.
Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру үшін өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыру барысында қазақстандық тауарлар мен отандық шикізатты пайдалану бойынша қарсы міндеттемелер енгізу қарастырылған.
Құжатта қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарының айналымын реттеу, сондай-ақ ішкі сұранысты қамтамасыз ететін өндірістік қуаттар болған жағдайда жаңа жобаларды мемлекеттік қолдауды шектеуге мүмкіндік беретін өндірістік қуаттар теңгерімін бағалау тетігін енгізу көзделген.
Бұдан бөлек, көлік құралдарының компоненттерін өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдер жасасу шарттарын белгілеу ұсынылады.
Депутаттың мәліметінше, заң жобасы аясында қолданыстағы заңнаманы жетілдіру, редакциялық түзетулер енгізу және заң техникасы талаптарын сақтау бойынша да бірқатар өзгеріс қарастырылған.
- Заң жобасы 15 заңнамалық актіге, оның ішінде 2 кодекс пен 13 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді, – деді Мұқаш Ескендіров.
Сонымен қатар ол құжаттың жан-жақты пысықталғанын жеткізді. Атап айтқанда, заң жобасы жұмыс тобының 13 отырысында және комитеттің екі кеңейтілген отырысында қаралған. Жалпы 374 түзету енгізіліп, қорытынды салыстырма кесте 237 позициядан құралған. Қабылданбаған ұсыныстар жоқ.
Бұған дейін машина жасау саласындағы негізгі басымдықтың бірі – маман даярлау екенін жазғанбыз.