Мәжілістегі 2 фракция республикалық бюджетке өзгерістерді қолдамады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау кезінде палатадағы саяси партиялар фракцияларының кейбірі құжатты қолдамады.
Депутат Азат Перуашев «Ақ жол» фракциясы бюджеттің ұсынылған жобасын қолдамайтынын мәлім етті.
«Бұл ретте, жобада қағаз жүзінде көрсетілген іс-қиылдарға қарағанда, Үкіметтің практикалық жұмысы тиімдірек болады деп сенеміз», - деді А. Перуашев.
Сонымен қатар депутат Асхат Рақымжанов Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының фракциясы заңға дауыс беру кезінде қалыс қалатынын айтты.
«Жоғары аудиторлық палатаның ұсыныстарын Үкімет тиісті деңгейде ескермей отыр... Жоғарыда айтылғандарға байланысты ЖСДП фракциясы бюджетті қабылдауда қалыс қалады. Бұл тұрғыда Үкіметтен мемлекеттік қаражат пен Ұлттық қор қаражатын пайдалану тиімділігін күшейтуді және республикалық бюджетті жоспарлау кезінде Жоғары аудиторлық палатаның ұсыныстарын ескеруді талап етеді», - деді А. Рақымжанов.
Бұдан бөлек, «Respublica» партиясының фракциясы, «AMANAT» фракциясы, «Қазақстан Халық партиясы» фракциясы, «Ауыл» партиясының фракциясы «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңын қолдады.
Жалпы отырыс кезінде «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының атынан сөз алған Магеррам Магеррамов бюджет тапшылығын азайту бағытында бірнеше ұсынысын жариялады.
«2024 жылы елімізде төтенше сипаттағы (су тасқынына байланысты) жағдай болды. Бұл өз кезегінде жаңа Үкіметке қаржы секторын тиімді тұрақтандыруға объективті түрде мүмкіндік бермеді. Сондықтан «Қазақстан Халық партиясы» депутаттық фракциясы 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті қолдауға келіседі. Бұл тұрғыда жоғарыда аталған ескертуіміз алдағы уақытта ескерілуі тиіс», - деді М. Магеррамов.
Сонымен, жалпы отырыста дауыс беру кезінде аталған заң қабылданды. Атап айтқанда, қатысып отырған 93 депутаттың 82-сі қолдау білдірсе, 11 депутат қалыс қалды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң қабылданды.