Мәжілістегі саяси партиялардың фракциялары өткен сессияда қалай жұмыс істеді
АСТАНА. KAZINFORM — Сегізінші сайланған Парламенттің екінші сессиясы ресми түрде жабық. Депутаттар 1 қыркүйекке дейін каникулда. Бұл жылы палаталардың 5 бірлескен отырысы, Сенаттың 43 және Мәжілістің 39 отырысы өтті. Қос палата 179 заң жобасын қарап, оның 120-сы қабылданды. Бұл қыруар жұмыста партиялардың үлесі қалай болды?

Мәжілісте 6 партияның фракциясы бар
Алдымен, өткен жылғы Мәжіліс депутаттарының сайлау науқанын еске түсірсек. Сайлауға елімізде ресми тіркелген 7 партияның барлығы қатысқан болатын. Олардың ішінде тек «Байтақ» партиясы ғана шекті 5 пайыздық межеден аса алмады. Ал Amanat партиясы сайлаушылардың – 53,90, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 10,90, Respublica партиясы – 8,59, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 8,41, Қазақстан халық партиясы – 6,8, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 5,20 пайыз дауысын жинады.
Сонымен, 5 және одан да көп пайыз дауыс жинаған саяси партиялардың арасында Мәжіліс депутатының мандаттары былай бөлінді:
- Amanat партиясы – 40 мандат;
- «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 8 мандат;
- Respublica партиясы – 6 мандат;
- «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 6 мандат;
- Қазақстан халық партиясы – 5 мандат;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 4 мандат.
Осы партиялардың Мәжілістегі фракциялары өткен сессияда қандай жұмыс атқарды?

Amanat партиясы
Мәжілістегі Amanat фракциясының жетекшісі, депутат Елнұр Бейсенбаев партияның өткен сессиядағы жұмысы бойынша мынадай есеп берді:
«Осы мерзім ішінде AMANAT партиясының Мәжілістегі фракциясы нәтижелі қызмет атқарды деуге толық негіз бар. Атап айтқанда, Фракция мүшелері аталған кезеңде 46 заң жобасына бастамашылық етті. Олардың қатарында «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы», «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын іске асыру, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, ойын бизнесі, лотерея қызметі, жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру және тағы да басқа мәселелерді реттейтін маңызды заңдар бар. Сонымен қатар біздің фракцияның депутаттары екі сессия барысында Сенатқа жолданған 130 заң жобасының 61-іне барлығы 2 661 түзету енгізді. Бұлар заңдардың сапасын арттырып, еліміз бен азаматтарымыздың мүддесін қорғауды көздейді», - деді Е. Бейсенбаев.

Жұмыс барысында фракция депутаттары Үкімет мүшелеріне 384 депутаттық сауал жолдады. Қоғамды толғандырып жүрген ең өзекті мәселелер көтеріліп, нақты ұсыныстар берілді.
«Сонымен бірге, фракция депутаттары елмен етене араласып, тұрақты түрде қоғамдық қабылдаулар өткізді. Мәселен, депутаттар осы кезең ішінде 394 қабылдау өткізіп, 2 844 адамды қабылдады. Азаматтардың түрлі мәселелеріне ден қойып, олардың оң шешімін табуына ықпал етті. Мұнда фракция тарапынан атқарылған негізгі іс-шаралар ғана тілге тиек болды. Алдағы уақытта да осы бағыттағы істер жалғасын таба беретін болады», - деді депутат.
«Ауыл» партиясы
«Мәжілістегі «Ауыл» партиясының депутаттық фракциясы партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында өңірлерді аралады. Халық пікірін тыңдай келе, «Ауыл» депутаттық фракциясы сайлауалды бағдарламасының негізгі міндеттері болған «Аграрлық банк туралы» және «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» 2 заң жобасына бастамашылық жасап, әзірледі. Аталған заң жобаларын Сенат пен Мәжіліс депутаттарының 60%-дан астамы қолдады. Бұл бағыттағы жұмыстар құзырлы мемлекеттік органдармен жалғасын табады», - делінген партия баспасөз қызметінің мәліметінде.
Фракция депутаттары агроөнеркәсіп кешені мен ауыл аймақтың маңызды аспектілерін қозғаған түрлі заң жобасы бойынша 250-тен астам түзету дайындап, 61 депутаттық сауал жолдады. Мәжілістің пленарлық отырысында заң жобаларын қабылдау барысында жүздеген сауал қойды.

Съездің басты жаңалығы – партияға толық ребрендинг жасалды, партия атауы мен логотипі өзгерді. Бұдан былай қысқа ғана «Ауыл» партиясы деп аталады. Партия логотипі ретінде қазақ үшін «Отан» атты киелі ұғымның баламасы – киіз үй таңдалды.
«Қазіргі кезең – минимализм кезеңі. «Ауыл» партиясы деген қалыптасқан саяси бренд. Сондықтан, Саяси кеңес Президиумы тарапынан партиямыздың атауынан «Халықтық-демократиялық патриоттық» деген тіркесті алып тастап, «Ауыл» партиясы деп атау ұсынылды. Ықшам, қарапайым, нақты және айқын композицияда сипатталалған партия логотипі де минимализм стилінде дайындалған», - деп түсіндірді партия төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаев.
«Ақ жол» партиясы
Бұл сессияда «Ақ жол» партиясы фракциясының 36 отырысы және 3 көшпелі жиыны өтті. Олардың барысында партияның өңірлік филиалдарымен бейнеконференция режимінде заң жобаларына тұжырымдамалық түзетулер, депутаттық сауалдар тақырыбы, палатаның жалпы отырысына шығарылатын заң жобалары бойынша фракция ұстанымы талқыланды.
«Фракция депутаттары жұмыс топтарының қарауына 863-ке жуық түзету жіберді. Олардың ішінде депутаттар салық салу, стандарттау, тұрғын үй қатынастары, әкімшілік құқық бұзу, жер қойнауын пайдалану, меншік құқығын қорғау, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, сатып алу, сайлау, адвокатура және басқа да мәселелері бойынша ұсыныстар жасады. Оның ішінде Азат Перуашев заң жобаларына 480-нен астам, Асқар Садықов 171 түзету енгізіп, 19 заң жобасының жұмыс тобы құрамына кірді. Ержан Бейсенбаев 11 заң жобасының жұмыс тобына, Ерлан Барлыбаев 13 заң жобасының жұмыс тобына, Қазыбек Иса 15 заң жобасының жұмыс тобы құрамына енді», - делінген партияның баспасөз қызметі жолдаған ақпаратта.

Осы аралықта фракция депутаттары 69 депутаттық сауал жолдаған. Биылғы сессияда орталық қоғамдық қабылдауға 419 азамат келді. 1500-ден астам жазбаша өтініш қаралды.
Respublica партиясы
Сессия барысында фракция депутаттары «Тұқым шаруашылығын қолдау мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Астық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Аграрлық қолхаттар туралы», «Жеке тұлғалар үшін лизингті енгізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және басқа да заң жобаларына бастама көтерді.
«Парламент Мәжілісінің II сессиясы кезеңінде фракцияның 30 жиналысы өтті, онда депутаттық сауалдардың тақырыптары, фракцияның заң шығару жұмысына қатысу жөніндегі міндеттері, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына шығарылатын заң жобалары бойынша фракцияның ұстанымы және басқа да мәселелер талқыланды. Фракция депутаттары келіп түскен заң жобалары бойынша жұмыс топтарына, Палатаның тұрақты комитеттерінің отырыстарына белсенді қатысты, Мәжілістің жалпы отырыстарында сөз сөйледі, талқыланатын заң жобаларына нақты ұсыныстар енгізді. II сессия барысында фракция депутаттары 29 заң жобасына түзету енгізді», - деп мәлім етті партияның баспасөз қызметі.
II сессия барысында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Respublica фракциясының депутаттары 18 депутаттық сауал жариялады.

Депутаттық сауалдардың басым бөлігі әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған: мүгедектігі бар адамдарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру мәселесі, қайырымдылық ұйымдары қызметін құқықтық реттеу, паллиативті көмек, отандық киноны қаржыландыру, студенттік жатақханалардың жай-күйі. Ел экономикасының, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері депутаттық сауалда көрініс тапты.
«Фракция ақпараттық алаңда да тиімді жұмыс жүргізіп отыр. Парламент Мәжілісінің II сессиясында бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде 6 депутаттың 1500-ден астам материалы шықты. Баяндамаларда Мәжілістің қарауындағы заң жобаларының нормаларына түсініктемелер берілді, партияның сайлауалды бағдарламасының ережелері, бизнес құқықтарын қорғау, гендерлік, жастар саясаты, экология, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау мәселелері және басқа да тақырыптар», - деп аталып өткен партия ақпаратында.
Қазақстан халық партиясы
Екінші сессияның кезеңінде Қазақстан халық партиясы фракциясының депутаттары 45 депутаттық сауал жолдады, сондай-ақ 23 фракция отырысы, 10 дөңгелек үстел және 10 сараптамалық кездесу өткізді. Фракция депутаттары 1 274 заңнамалық түзету жолдады, оның ішінде 112-сі фракциялық заңнамалық түзетулер болды.
«Парламент Мәжілісіндегі фракция депутаттары 702 азаматты қабылдады, ал партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде қабылданған азаматтардың саны - 891», - делінген партия баспасөз қызметінің мәліметінде.

Қазақстан халық партиясы фракциясы мүшелері бастамашылық еткен 4 заң жобасы бар. Оның арасында, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне іс жүргізу заңнамасын, адвокаттық қызметті және заң көмегін көрсетуді, дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Кәсіподақтар туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат жобалары қамтылған.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы
Мәжілістегі ЖСДП фракциясы құрамында 4 депутат бар. VIII шақырылымның екінші сессиясында ЖСДП фракциясы Мәжіліске қарау үшін келіп түскен заң жобаларына 220-дан астам түзету енгізді.
«Халықтың әлеуметтік мәселелеріне байланысты заң жобаларына түзетулер енгізуге басты назар аударылды. Бұдан басқа, аталған кезеңде 41 депутаттық сауал жарияланды», - деп аталып өткен партияның баспасөз қызметі берген деректе.
Сессия барысында партияның қоғамдық қабылдауларында «ЖСДП» фракциясының депутаттары 373 азаматты қабылдады. Азаматтардың өтініштері әлеуметтік қамсыздандыру және еңбек құқықтарын қорғау мәселелерімен байланысты болды.



Сонымен қатар, депутаттар телебағдарламаларға қатысып, онда азаматтардың құқықтарын қорғау (утильалым, экология, еңбек құқықтарын қорғау және т.б.) мәселелерін көтереді.

Депутаттар өңірлерді аралайды
«Мемлекет басшысының жылдағы Жолдауларын, Президенттің сайлауалды бағдарламасын, Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдерді іске асыру депутаттық корпус қызметінің негізгі өзегіне айналды. Осыған байланысты екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі де мазмұнды болды. Палаталардың 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің 39 отырысы және Сенаттың 43 отырысы өтті. Сессия барысында екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болды, оның 120-сы қабылданды. Сессия барысында депутаттар бірқатар маңызды заң жобасы бойынша Үкіметпен бірлесе жұмыс істеді», - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент палаталарының 28 маусым күнгі бірлескен отырысында.
Сессия қорытындыланды, енді депутаттар өңірлерге шығып, халықпен кездесе бастады.