«Меценат» сыйлығына сырттағы қазақ жазушыларын көбірек тартсақ деп отырмыз – Ерлан Асқарбеков

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр елімізде шығармашылық адамдарына арналған «Меценат» сыйлықақысы пайда болды. Оның иегері ай сайын өмірінің аяғына дейін 500 доллар көлемінде төлем алып отырады. Сыйақының негізін қалаушы Ерлан Асқарбеков ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мұндай сыйлық тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет өткізіліп отырғанын айтты.

- Былтыр алғашқы конкурсқа 67 романның авторы қатысыпты. Биыл ауқымы кеңейеді деп отырсыздар ма?

- Әрине! Біз соған үміттеніп отырмыз. Екінші жағынан, роман деген ауыр жанрлардың бірі екенін түсінеміз. Бірақ өзге елдердегі қазақ диаспорасының шығармалары біздің бәйгеге көбірек қатысатын шығар деп отырмыз. Бұл да үлкен контингент. Өйткені қазақ диаспорасы әлемнің алты құрлығына да тараған деуге болады. Үш жылдың ішінде осы мәселені реттеуді өзімізге міндет етіп алдық. Бұған дейінгі сұхбаттарымызда сыйлықтан үміткер авторлар өз туындысына қатаң талаппен қарау керектігін айтып жүрдік. Соны оқыса керек, көбі өз шығармаларына жинақылықпен кіріскенін байқап отырмыз. Бұл фактор конкурсқа ұсынылатын шығармалардың санын азайтуы мүмкін. Қазір қолымызда 40-тан астам автор мен 10-нан астам қолжазба жатыр. Тіркеу аяқталғанша 100-150 автор жинақталады деп ойлаймыз. Ең бастысы - сапалы өзгеріс.

- Биыл да жалғыз жеңімпаз іріктеле ме? Былтыр жолы болмаған роман биыл қатыса ала ма?

- Біз бұл мәселені о баста заңгерлермен пысықтап алғанбыз. «Авторлық құқық» туралы заң бойынша автор өз туындысымен не істейтінін өзі біледі. Атын ауыстыр ма, қайта жазып шыға ма, әр басылымын түрлендіріп бере ме, өзі біледі. Олай істеу қажет пе деген басқа мәселе бар. Бір шығарманы қайта-қайта ұсынуға болады. Бірақ ол салған жерден жеңімпаз атанбаса, оқырман өзекті деп таппаса, қызығушылық туғызбаса, құндылық көрмесе, оны қайталап шығарғаннан не пайда? Одан да сәл кідіріп, жинап барып, шығарманың оқиғасын ширатып, 2-3 жылдан кейін әлдеқайда мықты туындымен қатысқан орынды болмай ма?

- Конкурсқа қазақ тіліндегі де, орыс тіліндегі де туындылар қатыса алады екен. Былтырғы қорытындыға қарап, қазақ тіліне басымдық беріліп отыр деп айта аламыз ба?

- Мүлде олай деп ойламаймыз. Әлемдегі тәжірибені қарасақ, ең бір сирек тілде жазылған шығармалар жарып шығып, ең жоғары сыйлықтарды алып жатады. Чехиялық, ирландиялық, скандинавиялық жазушылардың тұтас бір шоғыры осының жарқын мысалы бола алады. Сондықтан шығарманың қай тілде жазылғанына емес, мазмұнына, арқалайтын жүгіне баса көңіл аударамыз.

- Автордың әдеби ортада танымал болуы немесе керісінше бұрын аты шықпаған адам болуы шешуші рөл ойнауы мүмкін бе?

- Ешқандай рөл ойнамайды. Қолжазбасын, әңгімесін түйіндемесімен немесе түрлі сертификаттарымен бірге жолдаған адамдар болды. Бірден айтайын, ондай жайттарды өзім екшеп отырдым. Автордың есімін, оның кім екенін аңғартатын тұспалдың бәрін бірден алып тастап отырдым. Яғни, мәтінді оқитын мамандардың алдына туынды тақырыбымен ғана түседі. Олар қолындағы туындының авторы кім екенін білмеуі керек. Үміткерлердің арасында аса танымал адамдар да, бәймәлім жазармандар да, қолына жаңа ғана қалам алған дебютанттар да болды. Іріктеуден өткеннен кейін туындылармен оқырмандар да таныса алды. Қысқасын айтқанда, конкурстың қорытындысына әдебиетке қатысы жоқ факторлардың ешбірі әсер етпеуі керек. Басты фактор – туындының сапасы.

- «Меценат» жобасы қандай баспаханалармен әріптестік орнатқан?

- Біз ірі баспаханалардың бәрін шақырдық. Маркет-плейс өткізіп, үздік деп танылған 10 автордың еңбегін баспахана басшыларымен жүздестірдік. Қазір бірнеше туындыны басып шығару жөніндегі жұмыстар ұйымдастырылып жатыр. Бұл біздің әдебиет тарихындағы бірегей оқиға.

- «Мецент» лауреаттарына қандай артықшылықтар берілетінін айта кетсеңіз. Жеңімпаз романның әлем әдебиетінің аренасын бағындыру мүмкіндігі бар ма?

- Мұндағы басты артықшылық біреу ғана – авторға өмір бойы ай сайын 500 доллар төлеп отырамыз. Жалпы жеңімпаз атанған соң авторға деген қоғамның құрметі артатыны айтпаса да түсінікті шығар. Әлемдік аренаға шығу мүмкіндігі туралы айтсақ, бәрі автордың өзіне байланысты. Өз арамызда әзіл бар, автор өз шығармасына қаншалықты талапшыл болса, өзін соншалық сыйлайды деген сөз. Әдебиеттің өз заңы бар, 30-40 рет түзеліп, күзелген мәтін әбден пісіп, жетілген туындыға айналады. Біз Қазақстанда жарық көрген кітаптар ең көп дегенде 20-30 мың тиражбан басылатынын анықтадық. Біздің кітаптардың негізгі сатып алушысы зиялы қауым болады деп күтіп отырмыз. Бұл халықтың 1 пайызы деген сөз. Теорияға сүйенсек, сапасы жақсы, мазмұны мықты романды елдегі 200 мың адам сатып алуы мүмкін. Туынды әлемдік аренаны бағындыру үшін әуел Қазақстанда табысқа жетуі керек. Ондай ереже бизнесте де бар. Сондықтан шығарманың сапасы мен мәртебесі авторлар өз ісіне барынша байыппен қараған кезде ғана артады. Бұл конкурсқа шетінен мықты авторлар қатысатынын түсіну керек. Ал жеңісті сатып алу мүмкін емес. Мәтінді оқитын мамандар да сатылмайды, оның үстіне оқырманның бағалауы және бар.

- Былтырғы жеңімпаз Шархан Қазығұловтың «Күлпет» романы туралы не айтасыз? Орыс тіліне аударып үлгердіңіздер ме? Туындыны қайдан тауып оқуға болады? Жалпы шығарма не жайында?

- Аударма жұмыстары желтоқсан-қаңтар айларында аяқталған. Қазақ тіліндегі түпнұсқасы 5 мың таралыммен «Арна Бей» жеке меншік баспаханасында басылды. Олар жеңімпаз туындының келешегіне сеніп, «Меломан» сауда желісімен, басқа да бірнеше сауда желісімен келісімшартқа отырған. Осы аптада «Меломанның» сауда сөрелерінде пайда болды. Енді орыс тіліндегі басылымы әзірленіп жатыр.

Қысқартып айтсақ, туынды отанға оралған қазақтың тағдыры туралы. Бұл – отанға деген махаббат жарға деген махббатпен астасып жататыны туралы философиялық роман.

- «Күлпет» орысшадан басқа тілдерге аударыла ма? Шетелде басып шығару жоспарда бар ма?

- Терориялық тұрғыдан алсақ, кез келген іргелі романды еуропалық немесе шығыс тілдеріне аударуға болады. Бірақ оның бәрін әуелі Қазақстандағы сатылымына байналысты. Ресейлік, шығыс-еуропалық, батыс-еуропалық, түркиялық және қытайлық баспаханалармен келіссөз кезінде кітаптың Қазақстандағы сауда желісінде қалай өткені ең басты уәж ретінде қолданылады. Баспаханаларға кітаптың бастапқы сатылым тарихы маңызды.

- Конкурс болған соң қорытындысына келіспей, жүлделер күні бұрын белгілі болған деп шағым айтатындар болады. «Меценат» сыйлығы алғаш тағыайындалғанда осындай даулар болды ма? Жалпы жеңімпаздарды іріктеу жүйесі қаншалықты ашық?

- Алғашқы маусымда ондай даудың болатынын күттік және бармақ «басты көз, қысты әрекеттер» туралы ойдан шығарылған уәждерге тап келдік те. Сайттағы шығарманың оқылымын қолдан көбейту әрекеттері де болды. Оның бәрін жұмыс барысында еңсеріп үйрендік. Жалпы сайттың жұмысын жетілдіріп, қолдан қаралым жасауға қарсы стратегиямызды күшейттік. Оқырмандардың даусын есептеп болғаннан кейінгі ақтық дауысқа салу кезеңі шешуші рөл атқарды. Бірінші және екінші орында тұрған туындыларға дауыс берген аккаунттарға екі қызметкеріміз тікелей қоңырау шалып, өмірде бар адамдар екенін тексеріп шықты. Ол әңгімелердің бейнежазбасы да бар. Кез келген жазушылар ұйымының өкілі ресми келіп, ол материалды қарай алады. Бірден айтайын мұндай жұмысқа 5 күн кетеді. Өйткені дауыс бергендерге қоңырау шалып тексеру жұмыстарының өзі бір апта уақыт алған. Осыдан кейін есептеу басталады. Мен есептің қалай жүргені туралы бейнежазба арқылы есеп аламын. Осының бәрінен өте келіп, «Күлпет» үлкен басымдықпен бірінші орын алды. Осының өзі бүкіл күмәннің бетін ашты.

Мен брендтер мен маркетинг нарығында, PR-салада айтарлықтай танымал адаммын. Өз меценатымды іздеп 18 жыл жүріппін. 12 ауқатты адамға жүгініп көрдім. Жобаның бір ұшында менің репутациям мен «Меценаттың» репутациясы тұрды. Адал атымыз үшін күресуге дайынбыз, сондықтан қолдан дауыс жинау сияқты әрекеттерге жол бермейміз. Жалпы кез келген қаралық тәсілдің жолын кесу тәсілдерін жетілдіре береміз. Сонда жазарманның алдында жалғыз жол қалады. Ол жол – шын мәнінде ұлылардың жолы. Ұлы шығарма жазсаңыз, өзіңіз де ұлы тұлғаға айналасыз.

- Сыйлықтың ауқымын арттырып, жеңімпаздар санын көбейту ойда бар ма?

- Бұл сұрақты жоба басталғаннан бері қойып келеді. Әдебиетші достарымыздың көбі әңгімелер жинағы, пьесалар, өлеңдер жинағы бойынша номинациялар қоссаңыздар деп сұрады. Әрине, бұл жанрлардың да оқырмандары көп. Бірақ бұл жыл сайын берілетін сыйлық екенін, «Өнер меценатының» мүмкіндігі шексіз емес екенін ескеру керек. Сыйлықтың әлеуеті ондаған жылдар көлемінде дамиды. Біздің түсінігімізде ол бүкіл әлемді қамтуы керек. Қазақстанда бюджетке қол жаймай-ақ, осындай сыйлықтар тағайындайтын ауқатты адамдар мен ұйымдар бар екеніне сенімдімін. Әр жанр бойынша сыйлық тағайындауды құптаймыз. Біздің стратегиялық мақсаттарымыздың бірі – ірі бизнестің назарын ұлттық мәдениетке бұру.

- Өз шығармашылығын кеңінен танытып, табысқа жеткісі келген жас авторларға қандай баспаханалармен, алаңдармен жұмыс істеуге кеңес беретін едіңіз?

- Қазір ондай алаңдар көп негізі. «Ридеро», «ЛитРес» сияқты алаңдар бар. Бәрінен бұрын біз автор әдеби мектептен өтуі керек деп ойлаймыз. Біздің өзімізде ғана алтыдан астам сондай мектеп бар. Ресейде тіптен көп. Жазушылар одағы бірнеше жоба әзірлеген. Соның бәрінен өту қажет. Оның үстіне ағылшын тілінде кәсіпби романистерге арналған көп әдебиет бар. Бірақ ұлы жазушылар айтқандай, ең үлкен тәлімгер өмірдің өзі. Мен жас әдебиетшілерге өмірдің ортасына қорықпай бойлап, бизнесте де жұмыс істеп көруден, ғашық болудан, тосын оқиғалардан қорықпауға кеңес берер едім. Өмірді өз бойынан өткізіп, санаға сіңіріп, өзін де іздеп, отанын да іштен танып барып кірісу қажет деп ойлаймын. Нағыз жазушы осылай бірдіндеп шыңдалады. Жазушылық шеберлік пен оқырманға айтар месседждің арасында үлкен айырмашылық бар. Яғни, оқырманның уақытын алуға тұратын месседж айтасыз ба, мәселе сонда.

- Әдеби аударма деген өз алдына бір өнер ғой. Бұл сала біздің елде қалай дамып жатыр? Әдеби аудармашылар тапшылығын сезініп жүрсіздер ме? Тапшылық бар болса, оны қалай толтыру керек деп ойлайсыз?

- Бұл мәселе өте маңызды, дау жоқ. Алматы ашық әдебиет мектебі ұйымындағы достарымыздың еңбегін ерекше атар едім. Олар бұл істі мықтап қолға алды. Әдеби аудармашыларға арнап шеберлік сағаттарын ұйымдастырып жүр. Қарапайым аудармашыларды баулуда. Қазір Қазақстанда ағылшын тілінен, басқа да тілдерден тікелей қазақшаға аударатын мамандар пайда болды. Бұл үлкен істің басы ғана. Әлі де істейтін жұмыс көп. Әдеби аудармашылардың жеке конкурсы қажет шығар.

- Автор өз шығармасын ағылшын тіліне аудартқысы келеді дейік. Кімге жүгінуі керек?

- Көп қой. Жаңағы Алматы ашық әдебиет мектебіне де жүгініп, бірнеше аудармашының байланыс деректерін алуға болады. Бірақ бұл ақылы жұмыс екенін түсіну керек. Ал түпнұсқа туындыңыз Қазақстанда елеулі табысқа жетсе әңгіме басқа. Артыңызда бір айдың ішінде кітабыңызды талап әкеткен 100 мыңдаған оқырман тұрса, шетелдік баспаханалар өздері-ақ хабарласа бастайды. Тіпті кезекке тұрып, аударма шығынын өздері көтеріп әкетуі мүмкін. Бұл енді ұлылардың жолы. Біз үнемі осылай болу керектігін айтып жүрміз және өзіміздің авторларға сенеміз. Әдебиетшілер де шахматшыларымыз бен кинематографтардың, музыканттардың жетістігін қайталағанын күтіп жүрміз. Қазақстан халқы әлемдік деңгейдегі заманауи төл туындыны сүйіншілеп оқуға баяғыдан лайық.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт министрліктеріне, «Отандастар» қоры мен «Amanat» партиясына қолдаулары үшін алғыс айтқым келеді. Алғашқы маусымда да, осы маусымда да үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Ақпараттық және ұйымдастыру жағынан көрсеткен көмектерінің арқасында жобамыз халықтық деңгейге шығатынына сеніп отырмыз. Қазіргі міндетіміз – жер шарындағы әрбір қаззаққа үнімізді жеткізу. Біз өз халқымыздың дарынына, зиялы қауымның қабілетіне, мәдениетімізге сенеміз.

- Сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет.


Фото:instagram.com/askarbekov/


Соңғы жаңалықтар