«Медеу» мұз айдыны модернизациядан өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әкімі Ерболат Досаев демалушылар санының артқанын ескере отырып, «Медеу» мұз айдынының жағдайына баға берді.

Әкім «Медеу» Алматының ең тартымды орындарының қатарында қала беретінін айтты. Қала тұрғындарына, қонақтарға, туристерге арналған орын. Жыл басынан бері мұнда 400 мың адам келді.
— Біз былтыр оның техникалық жағдайына аудит жүргіздік. Оның нәтижесі мұз айдынының қалыпты режимде жұмыс істей алатынын көрсетті. Бұдан бөлек, бұл нысанның модернизация концепциясын бекіттік. Қазір оны жобалауды бастаймыз. Мұз жасау жүйесі жаңартылды, енді «Медеудің» инженерлік және басқа да инфрақұрылымын жаңарту қажет, — деді Ерболат Досаев.
Айтуынша, мұз айдынына барғысы келетіндер үшін арнайы камералар орнатылған, бұл демалушыларға адамдар аз уақытты таңдауға мүмкіндік береді.
— Әрине, 2 қарашада мұз айдыны ашылғанда әдеттегідей көп адам — жастар мен студенттер келді. Қазір жағдай біршама жақсарды, тұрғындар профилактикалық шаралар жүргізілетін күннен басқа кез келген жұмыс күні келуге болатынын біледі. «Медеу» Алматының мақтанышы әрі символы болып қала береді деп ойлаймын, — деді Досаев.
Еске салайық, «Медеу» мұз айдынында конькимен сырғанау маусымы 2 қараша күні ашылды.