Медеу Сәрсекенің туғанына – 90 жыл
ӨСКЕМЕН.KAZINFORM – Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, қазақ ғылыми фантастикасының негізін қалаушылардың бірі Медеу Сәрсекенің туғанына 90 жыл толып отыр. Қаламгердің шығармашылық мұрасы ұлттық әдебиет пен ғылым тарихында айрықша орын алады.
Медеу Сәрсеке 1936 жылы 2 қаңтарда Семей облысы Абыралы ауданына қарасты Қайнар ауылында дүниеге келген. Орта мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматыдағы Кен-металлургия институтын инженер-металлург мамандығы бойынша тәмамдады. Ғылым мен техниканы терең меңгерген жас маман кейін бұл білімін әдебиетте тың бағыт қалыптастыруға жұмсады.
1958 жылы «Лениншіл жас» газетінің редакциясына шақырылып, әдеби ортаға араласуы оның шығармашылық жолын айқындады. Дегенмен ол журналистикамен шектеліп қалмай, туған өлкесіне оралып, Семей цемент зауытында, Өскемен мен Семейдегі өндіріс орындарында инженер болып еңбек етті. Өндіріс тынысын іштен таныған осы жылдар жазушының қаламына шынайы мазмұн, жаңа тақырып алып келді.
Медеу Сәрсеке — қазақ әдебиетіндегі ғылыми-қиял жанрының өрістеуіне жол ашқан қаламгер. Оның 1959-1965 жылдары жарық көрген «Ғажайып сәуле», «Көрінбестің көлеңкесі», «От және атом», «Жетінші толқын» атты хикаяттары ұлттық әдебиетте бұрын болмаған тың бағыттың негізін қалады. Ғылым жетістіктерін көркем оймен ұштастырған бұл шығармалар қазақ оқырманына жаңа дүниетаным ұсынды.
Кеңес дәуіріндегі энциклопедиялық басылымдарда Медеу Сәрсеке «қазақ кеңес әдебиетіндегі ғылыми фантастика жанрының пионері» деп бағаланды. Оның туындылары орыс тіліне аударылып, жүз мыңдаған таралыммен бүкіл Одаққа тарады.
Инженер-жазушы шығармашылығының тағы бір ірі арнасы — өндіріс тақырыбы. «Жарылыс» және «Көмбе» романдары кеңестік дәуірдегі өндірісті, адам мен жүйе арасындағы күрделі қайшылықтарды батыл бейнеледі. Әсіресе «Жарылыс» романының тағдыры сол кезеңдегі идеологиялық қысымның айқын көрінісіне айналды. Қазақша нұсқасы қысқартылғанымен, орыс тіліндегі толық басылым жазушыны Одақ көлемінде танытты.
Роман желісімен жазылған драма Семейдегі қазақ драма театрында және М. Лермонтов атындағы академиялық орыс театрында бірнеше жыл бойы қойылды. Сондай-ақ «Заңды неке», «Тендерге түскен әйел» пьесалары қазақ театрларының репертуарынан ұзақ жылдар түскен жоқ.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры Айжан Қартаеваның айтуынша, Медеу Сәрсекенің шығармашылық жолындағы ең биік белес — академик Қаныш Сәтбаевтың ғұмырнамасын жазуы болған.
— Медеу Сәрсеке — қазақ әдебиетінде ғылыми ой мен көркем сөзді тоғыстырған сирек тұлға. Оның ғылыми-фантастикалық шығармалары ұлттық әдебиеттің тақырыптық өрісін кеңейтіп, оқырманды ғылымға жақындатты. Қаныш Сәтбаев туралы ғұмырнамалық еңбектері деректі прозаның биік үлгісі саналады. Жазушы еңбектерінде бір тұлғаның тағдыры арқылы тұтас дәуірдің рухани келбеті ашылады. Медеу Сәрсеке мұрасы — қазақ ғылымы мен әдебиетінің ортақ қазынасы, — дейді Айжан Қартаева.
Медеу Сәрсеке академик Қаныш Сәтбаевтың ғұмырнамасын жазуға он екі жылын арнап, Қазақстан мен Ресейдің мұрағаттарын зерттеп, жүздеген куәгердің естелігін жинады. Алғашқы қазақша нұсқасы идеологиялық себептермен тоқтатылғанымен, еңбек Мәскеуде «ЖЗЛ» сериясымен жарық көріп, оқырман сұранысына ие болды.
Кейін ғұмырнама әртүрлі атаумен қазақ және орыс тілдерінде 15 рет басылып, жалпы таралымы 340 мың данаға жетті. Сонымен қатар жазушы Е. Бөкетов пен Е. Бекмаханов туралы деректі ғұмырнамалар жазып, әлемге әйгілі «ЖЗЛ» сериясында үш қазақ тұлғасының авторы атанды.
Семей өңірінде өмір сүріп, ядролық полигон қасіретін көзбен көрген қаламгер «Семей трагедиясы» атты еңбегінде адам мен табиғатқа келген орны толмас зардапты батыл әшкереледі.
Қырықтан астам кітаптың авторы Медеу Сәрсеке — ғылыми фантастикадан деректі прозаға дейінгі кең ауқымды қамтыған қаламгер. Ол ҚР-ның «Құрмет» орденімен марапатталған, бірнеше өңірдің Құрметті азаматы.
Медеу Сәрсеке мұрасы — қазақ әдебиеті мен руханиятының алтын қорына қосылған баға жетпес қазына.
Еске салсақ, осыған дейін Мағжан Жұмабаевтың бұрын жарияланбаған фотосы табылғаны хабарланған.