Медианың Жібек жолы: Астана өңірлерді біріктіреді
АСТАНА. KAZINFORM - Астанада Қытайдың жетекші «Жэньмин жибао» басылымының бастамасымен «Орталық Азия – Қытай» халықаралық медиафорумы өтіп жатыр. Іс-шараның тең ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені.

Форумның басты тақырыбы – «БАҚ арқылы Жібек жолы: Қытай мен Орталық Азияның ортақ тағдыр қауымдастығын құру». Бұл талқылауға Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдерінің БАҚ басшылары, саясаткерлер, журналистер, сараптамалық орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысты.
Форум барысында Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің 20-шы шақырылымының мүшесі, Орталық үгіт-насихат бөлімінің төраға орынбасары, күнделікті жұмысқа жауапты Ху Хэпин Мемлекет басшысына Форумды қолдағаны үшін ризашылығын білдірді:
– Президент Тоқаев осы форумға арнайы құттықтау хатын жолдады. Бұл Қазақстанның бұл шараға қаншалықты мән беретінін көрсетеді. Бұл қадам екі ел арасындағы ақпарат алмасуды тереңдетіп, Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері медиасының өзара ынтымақтастығын нығайтуға зор ықпал етеді. Біз Президент Тоқаевқа шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді.

Ху Хэпиннің айтуынша, Қытай мен Орталық Азияның ортақ тағдыр қауымдастығын құру – қазіргі уақыттың жаңа жағдайларына сәйкес қабылданған тарихи таңдау және бұл шешім халықтардың түбегейлі мүдделері мен жарқын болашағына негізделген.
– Қытай Орталық Азия елдерімен жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды жүзеге асыра отырып, саяси сенімге, достық пен тату көршілікке негізделген қарым-қатынасты нығайтуды көздейді. Біз бірлесіп «жаңа алтын отыз жылдықты» қалыптастыруды қалаймыз. Өйткені мемлекеттер арасындағы достық халықтар арасындағы жақындықтан, ал халықтардың жақындығы жүректен шыққан үйлесімнен басталады, – деп атап өтті ол.
ҚР Президенті Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева өз сөзінде Ұлы Жібек жолы әлемдік құрылымның ауқымды өзгерістеріне куә ғана емес, сонымен қатар оның қозғаушы күшіне айналғанын атап өтті.

– «Бір белдеу, бір жол» жобасы – тек инфрақұрылым мен экономика ғана емес. Бұл – адамзаттың ортақ тағдырына негізделген философия. Бұл идея бізге ерекше жақын. Біз – Ұлы Жібек жолының мұрагеріміз. Бүгін тауар емес, идея, мағына мен сенім байланысы жайлы айтып отырғанымыз символдық мәнге ие. Себебі елдер арасындағы шынайы жақындық – адамдық түсінік пен қызығушылықтан басталады. Бұл үдерісте БАҚ-тың рөлін асыра бағалау мүмкін емес, – деді Р. Қажыбаева.
Сондай-ақ форумда «Жэньмин жибао» газеті бас редакторының орынбасары Фан Цзяньшань сөз сөйлеп, Қытай мен Орталық Азияның бес елі екіжақты форматта ортақ тағдыр қауымдастығын құру туралы ресми мәлімдегенін айтты.

– Адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығы идеясы біртіндеп жаһандық келісім мен ортақ құндылыққа айналып, қуатты қозғалысқа ұласып келеді. Бұл тұжырымның алғаш рет тек екіжақты емес, тұтас өңірлік форматта қолданылуы – тараптардың ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге деген ұмтылысын көрсетеді, – деді ол.
Форум аясында «Бір белдеу, бір жол» ақпараттық желісінің таныстырылымы, «Жібек жолының әуені» музыкалық бейнебаянының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ Қытай мен Орталық Азия елдері БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен жоғары сапалы жобалар бойынша баспасөз туры басталды.