«Медиазона» тілшісіне ереуілшілердің шабуыл жасалғаны хабарланды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Медиазона» ресурсы Алматыда ереуілшілер тілшіге шабуыл жасағанын жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алматыда сұйытылған газ бағасының көтерілуіне байланысты басталған наразылық акциясына қатысушылар «Медиазона» тілшісіне қалалық әкімдік ғимаратының артында шабуыл жасады.
Тілші наразылық білдірушілер Алматы әкімдігінің ғимаратының артында полиция көлігіне қол жұмсап жатқанын түсірген. Топтың ішінен бір адам тілшінің қолындағы телефонды қағып түсірген. Артынша тағы екі адам келіп смартфонды тартып алмақ болған. Телефонның экраны бүлінді.
Ақыры журналисті жайына жіберген. Бірақ шабуыл жасағандардың бірі оған «түріңді есіме сақтадым» деп айқайлады», - деп жазады «Медиазона».
Елдегі жағдайға байланысты өнер адамдары да алаңдаушылық білдіріп, халыққа басу айтып жатыр.
Ардагер актер, Халық әртісі Асанәлі Әшімов елдікке үндесе, әлем таныған дара талант Димаш Құдайберген жырақта іссапарда жүрген жерінен сәлемін жолдады.
«Ардақты ағайын! Жырақта іссапарда жүріп, елдегі болып жатқан жағдайды естіп, көңілім алаңдаулы. Туған жерім, елім мен үшін әрқашан қымбат - халқыммен біргемін. Бәріміз үшін ең бастысы - халықтың бірлігі, амандығы, елдің әр азаматының әлеуметтік жағдайының дұрыстығы. Наразылығын білдіруге келген үлкен де кіші де отбасының қамы үшін жүр. Бүгінде күнкөріс күн сайын қымбаттап, халыққа оңайға соғып жатқан жоқ. Халық шаршады!» деп жазды Димаш өзінің Instagram парақшасында.