Медицина докторы вакцинаға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді
- Вакцина салдыру қажет пе?
- Иә. Салдыру қажет.
- Не үшін вакцина еккізу керек?
- Қоғам арасында вирустың таралуын төмендету мақсатында, сонымен қатар өзін-өзі және вакцина салдыра алмайтындарды індеттен қорғау үшін, пандемия ертерек аяқталуы үшін екпе еккізу керек.
- Қазір Қазақстанда қандай вакциналар қолданылып жатыр?
- Қазіргі кезде «Спутник V» вакцинасы ғана қолжетімді.
- Салынатын вакцинаны таңдап алуға бола ма?
- Қазір елімізде тек «Спутник V» вакцинасы бар болғандықтан, таңдайтындай көп ассортимент жоқ. Болашақта елде бірнеше вакцина қолданыла бастаған кезде таңдауға болады. Алайда бұл ретте әр клиникаға вакцина қандай принциппен таратылатыны түсініксіз. Сондай-ақ екпе егу кабинетіне келген кезде сізге «қалағаныңды таңда» деп айтуы екіталай. Мен сізге қолжетімді болып тұрған бірінші вакцинаны салдыруға кеңес беремін.
- Вакцинаны сатып алуға бола ма?
- Қазір мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. «Қара» нарықта қандай да бір «вакцина» пайда болыпты-мыс дегенге ұқсас оқиғалар көп болды. Менің пайымдауымша, осы жағдайды ескере отырып, қазір барлығы мемлекеттің бақылауымен өткізіліп жатыр.
- Екпе салғызғысы келген барша адам қашан вакцинациялана алады?
- Әзірге сәуірдің ортасында деп айтып жатыр. Кейбір емхана қазірден салуды бастап кетті. Ол үшін мекемеге тікелей хабарласу керек.
- Кімге екпе алуға болмайды?
- Бұрын анафилаксиялық шокты бастан кешірген, вакцина құрамындағы заттарға аллергиясы бар адамдарға екпе салынбайды. Сонымен қатар қазір ауырып жүрсеңіз немесе созылмалы ауруларыңыз асқынып кеткен жағдайда вакцина салдыруға болмайды. Бұдан бөлек әзірге балаларға, жүкті әйелдерге және емізулі әйелдерге екпе жасалмайды.
- Ал егер менде аллергия бар немесе жоқ екенін білмесем ше?
- Сол үшін вакцинациядан кейін емханада 30 минут отыра тұрыңыз деп айтады. Аллергия пайда болу мүмкіндігі өте төмен болғанымен, десе де бір жағдай бола қалған кезде сізге дер кезінде көмек көрсетіледі.
- Жүкті әйелдерге вакцина салдыруға бола ма?
- Әзірге салынбайды. Өйткені жүктілік адам үшін ерекше жағдай болғандықтан, екпе салуға рұқсат беру үшін әлі де зерттеулер жүргізілуі керек. Өздеріңізге мәлім, жүкті әйелдерге тәжірибе жасамақ тұғыр, қажеті болмаған жағдайда мүлдем тиіспейді.
- Емізулі әйелдерге вакцина салдыруға бола ма?
- Олар да әзірге салдыра алмайды. Бұл сұрақтың жауабы әлі зерттелу үстінде. Негізінде ана сүтінде антиденелер анықталды деген ақпарат бар. Дегенмен қауіпсіздік мақсатында әзірге екпе салынбайды.
Жүктілік кезіне келер болсақ, вакцина салдырғаннан кейін әртүрлі жағдай орын алуы мүмкін. Егер жүкті әйел вакцина салдырып, кейіннен жағымсыз әсері болып жатса, барлығы салынған екпеден көреді.
Бұл аутистикалық спектр ауруларына ұқсас жағдай. Яғни балада вакцина салдырса да, ертелі-кеш ауру білінетін еді.
Алайда вакцина салынғандықтан және ол инвазиялық (ред. - ішке енгізілетін) болғандықтан кінәнің бәрі екпеге артылады.
Айтқандай, жүкті әйелдер екпе салдырғаннан кейін олардың жаңадан туған балаларында антидене пайда болған.
- Балаларға вакцина салдыруға бола ма?
- Әзірге салынбайды. Логикалық тұрғыда жоғарыдағы жағдайға ұқсас. Балаларды қандай да бір зерттеулерге қатыстырған өте қиын. Себебі олар өз әрекеттері үшін жауап бере алмағандықтан, вакцина алуға да толыққанды келісім бере алмайды. Менің білуімше, Pfiser өз вакцинасын 12 жасқа дейінгі балаларда сынай бастады.
- 65 жастан асқан адамдарға вакцина салдыруға бола ма?
- Иә, болады.
- Созылмалы ауруға шалдыққан адамдар вакцина салдыра ала ма?
Егер созылмалы ауру ағымы бақылауда болса, салдыруға болады. Ауру ағымының қандай екеніне көз жеткізу үшін алдымен дәрігерге көрінген абзал. Егер сіз аса ауыр созылмалы ауруға шалдыққан болсаңыз, вакцина нұсқаулығында «абайлап салу керек» деп жазылған. Бұл дегеніміз вакцина салдырмас бұрын сіз дәрігерге барып, вакцина салдырғыңыз келетінін айтып, тексерілесіз.
- Мен аутоиммундық ауруларға шалдыққан болсам, вакцина салдыра аламын ба?
- Нұсқаулыққа сәйкес, иммундық жүйені басуға септесетін дәрі-дәрмектерді вакцина салдыруға дейін бір ай және вакцинациядан кейін бір ай ішпей қоя тұру қажет. Себебі олардың әсерінен вакцина иммунитет қалыптастыра алмауы мүмкін. Бұл туралы дәрігермен кеңесу қажет.
- Вакцинациядан кейін бала көтеруге бола ма?
- Иә, болады.
- Вакцина бедеулікке ұшырата ма?
- Жоқ. Бұл ескі миф. Вакцинаның тек жергілікті әсері бар. Бұдан бөлек олар әртүрлі механизмдер арқылы антидененің қалыптасуына септеседі. Әр вирустың өзі ене алатын белгілі бір жасушалары бар. Коронавирустың қауіптілігі осыдан – ол көптеген жасушаға оңай еніп кете алады.
- Вакцина бірнеше жылдан кейін жағымсыз әсер етуі мүмкін бе?
- Жоқ. Оның құрамындағы заттар тез ыдырайды. Ойлап көріңізші, екі күн бұрын ішкен парацетамол таблеткасы сізге екі жылдан кейін әсер етуі мүмкін бе? Тағы бір мысал. Сіз шаурмамен тамақтанған кезде оның жағымсыз әсерлері жөнінде ойлайсыз ба?
- Вакцина менің РНҚ-ымды өзгертіп жіберуі мүмкін бе?
- Жоқ. Қазір біз оны адам ағзасында оп-оңай өзгерте салатындай дәрежеге жеткен жоқпыз. Вакцина адам ағзасындағы кей жасушаларға еніп, вирустың қалай өндірілетіні жөнінде нұсқаулықты жеткізеді. Ондағы бос жасушалар вирусты зерделеп, вирустың бір бөлігін өндіреді. Кейіннен жасуша бұл нұсқаулықтың көзін жояды.
- Спутник V қалай жұмыс істейді?
- Спутник V – векторлық вакцина. Оның міндеті – S-шип кодтайтын вирустың генетикалық материалының бөлігін жеткізу. Бұл, жалпы алғанда, шипті жинауға арналған нұсқаулық. ДНҚ-ның бұл бөлігін вакцинаға оңайлықпен енгізе салу мүмкін емес. Оған тасымалдаушы қажет. Спутникте бұл қызметті аденовирус атқарады.
Аденовирус – табиғатта жиі кездесетін тұмау вирустарының бірі. Одан репродуктивті «ағзаларды» алып тастап, ішіне коронавирус ДНҚ-сы бөлігін енгізіп, дәрі ретінде денеге жібереді.
Ол жақта аденовирус ДНҚ-ны S-шип жинайтын жұмысшы жасушаларға түсінікті тілге ауыстырып, жасушаға дейін жеткізеді. Бұл ДНҚ ешқайда енбейді, тек жасуша органеллалары оны оқиды.
Жасуша S-шип жасағаннан кейін олар жасушаның беткі қабатына жеткізіледі. Сол жерден оны сіздің иммунитетіңіздің жасушалары көріп, дабыл қаға алады. Осылайша олар S-шиппен танысып, ағзаға шынайы вирус түскенде қорғануға дайын болады.
- Спутник V – бір реттік вакцина ма?
- Қазіргі қолжетімді үлгіде солай болуы мүмкін. Себебі біз ДНҚ-ны тасымалдаушы ретінде аденовирусты пайдаланамыз, иммунитет аденовирусқа да қарсы антидене түзеді. Бір қызығы, табиғатта аденовирустың түрі өте көп.
Мәселен, Спутник V-ның екі дозасында екі түрлі аденовирус пайдаланылады. Және тек адам аденовирусының 50-ден астам түрі бар. Аденовирусқа ұқсайтын векторлар бар, олардың саны 100-ден асады. Сондай-ақ тасымалдаушы ретінде пайдалануға болатын басқа да вирустар бар, олардың жалпы түрі мыңдап кездеседі.
Егер біз жыл сайын вакцина алатын болсақ ғалымдар вакцина өндіру үшін түрлі векторларды пайдалануы мүмкін. Оған қоса, антидене аденовирустың белгілі бір түрінде қаншалықты сақталатыны белгісіз, өмір бойы тұруы да ғажап емес.
- Ресейлік және қазақстандық Спутниктің айырмашылығы қандай?
- Ешқандай. Қарағандыда вакцинаны өндірмейді, тек Ресейден келген «бөлшектерден» құрастырады. Вакцинаның алғашқы топтамасы Гамалеи атындағы орталыққа (вакцинаны жасаушылар) тексеріске жіберілді. Айтпақшы, Ресейде де бір ғана орталық өндірмейді, вакцина жасауға рұқсат етілген бірнеше зауыт бар.
- Неге кей вакциналардың дозасы екеу болады?
- Егер вакцинаны жасау кезінде бір дозаның тиімділігі жеткіліксіз болса, екіншісі қажет. Ол вирусты еске түсіріп, иммундық жасушаларды көбірек антидене бөліп, өткен материалды жақсылап танып, бекітуге мүмкіндік береді.
- Екінші дозаны 21 күннен кейін алу міндетті ме?
- Жоқ, сәл кейінірек алуға болады, бірақ ерте емес. Өндірушілердің айтуынша, мерзімі 21-60 күн аралығы, барлығы дұрыс жұмыс істеуі керек. Әзірге екпені кейінірек жасаса вакцина қаншалықты тиімді болатыны белгісіз. Қорғаныс аз болуы мүмкін.
- Қай вакцинаны ұсынасыз?
- Қазір сізге қолжетімдісін. Оған қоса болашақта батыстық вакциналарды әкелу жоспары бұлыңғыр болғандықтан, оларды күтудің қажеті жоқ.
- AstraZeneca қанды ұйытып жібере ме?
- Жоқ, тромб тұрғындар арасында жиі кездеседі, себебі тромб – ұйысқан қан. Ал ол түрлі нәрседен ұйысып қалуы мүмкін. Әдетте тромб аз қозғалатын адамдарда пайда болады.
Сонымен қатар, оған тамақтану, шылым шегу, ішке қабылдайтын контрацептивтер немесе басқа да дәрі-дәрмекті қабылдау, ұшу, аурулар, жақында жасалған ота әсер етуі мүмкін.
Сол себепті, мәселен, сіз жақында ғана ота жасатсаңыз, дәрігерлер ертерек аяғыңызға тұрып, жүріп кетуіңіз керек деп «миыңызды жейді». Медианың назары тым қатты ауғандықтан, болған оқиғалар әсіреленіп кетті. Естеріңізде болсын, содан кейінгісі салдары деген сөз емес.
- Аурудың қазір өршіп кетуіне вакцинацияның қатысы бар ма?
- Әрине, жоқ. Вакцина сізге вирусты жұқтыра алмайды. Вакцинада вирустың сыртқы қабығының бір бөлігін өндіруге арналған нұсқаулық бар. Жалпы, тірі вируста бұл бөлік қол сияқты жұмыс істейді – ол жасушаға есік ашады. Вакцинада тек бір қолды жинау туралы нұсқаулық бар. Қол басқа жасушаларды көбейте алмайды және жұқтыра алмайды.
- Тиімділігі 92% деген нені білдіреді?
- Бұл дегеніміз – вируспен байланыста болған жұқтыруы мүмкін 100 адамның 8-і ғана ауырады. Бірақ өндірушілердің айтуынша, вакцина вирустың ауыр салдарынан 100% қорғайды. Яғни, сол 8 адам (вакцина әсер етпеген) жан сақтау бөліміне түспейді.
-Егер бір вакцинаның тиімділігі 92%, екіншісінікі 74% болса, біріншісі жақсы деген сөз бе?
- Олай деуге келмес. Вакцинаyың тиімділігін салыстыру үшін олар бірдей жағдайда, бір уақытта зерттелуі керек еді. Олай болған жоқ. Кейбір вакциналар пандемияның өршіген кезінде зерттелді, біреулері өйткен жоқ. Оған қоса вакциналар түрлі штаммы бар түрлі елдерде және түрлі адам популяциясына жасалды.
- Вакцинацияға қалай дайындалу керек?
- Бастысы асқынған ауруыңыз болмауы керек. Басқа кездерде нақты дайындық қажет емес. Вакцинациядан бұрын сізді дәрігер қарап, сұрақ қояды. Дене қызуыңызды, сатурацияны, қан қысымын өлшеп, жүрегіңізді, өкпеңізді, тамағыңызды тексеріп, еш жеріңіз ауырмайтынына көз жеткізеді.
- Вакцинациядан кейін өзіңді қалай ұстау керек?
-Үш күн ішінде физикалық күш түсіруге, алкоголь ішуге болмайды, вакцина жасалған жерді буламаған абзал. Ұйқыңызды қандырыңыз, демалыңыз, жақсылап тамақтаныңыз, күйзелісті шектеңіз, вирустан басқа да тәсілдер арқылы (маска, қашықтық, қолды тазалау) қорғануға тырысыңыз. Вакцинациядан кейін не күтеміз? 2-3 күн ішінде сізде мынадай әсерлер байқалуы мүмкін (бәрінде болады деген сөз емес): дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бұлшықеттердің ауруы, бас ауруы, бас сақинасының ұстауы, екпе алған жердің ауруы. Мұның барлығы қалыпты әсер: яғни сіздің ағзаңыз күресіп жатыр. Егер сізде ешқандай әсер болмаса, вакцина жұмыс істемеді деген сөз емес. Әркімде әртүрлі әсер байқалады, біреулерде мүлдем болмаса, біреулерде барлығы кездеседі. Оның қандай факторларға байланысты екені әзірге белгісіз.
- Вакцинациядан кейін масканы шешуге бола ма?
- Олай істемеген дұрыс. Мүмкін сіз 8%-дың ішінде боларсыз? Немесе сізде жеткілікті дәрежеде антидене түзіліп үлгермеген болар? Әрине, қатты сырқаттанып қалмайсыз, бірақ бәрібір жағымсыз болады. Сондай-ақ сіз вакцинация паспортын маңдайыңызға жапсырып қоймайсыз, мен, мәселен, қоғамдық орындарда маскасы жоқ адамдардан алыс жүремін, себебі айналасындағылардың денсаулығына алаңдамайтын адамдарды ұнатпаймын. Жаңа әдеп.
- Вакцинациядан кейін оқшаулану қажет пе?
- Жоқ. Вакцинада екі вирустың бөлшегі болғанымен, олардың ешқайсысы көбейіп, сізге жұға алмайды.
- Менің вакцина алғаным туралы құжат беріле ме?
- Иә, екінші дозаны қабылдағаннан кейін сіздің EGov мобильді бағдарламаңызда вакцинация паспорты пайда болады. Сервистер – цифрлық құжаттарға кіріп – ЭЦҚ немесе SMS арқылы тіркеуден өту керек – жаңарту түймесін басыңыз – Менің құжаттарым бөлігінде вакцинация паспорты пайда болуы керек.
- Вакцина алмас бұрын антидене тапсыру қажет пе?
- Өзіңіз көргіңіз келсе – тапсырыңыз. Антидененің болуы вакцина алуға кедергі емес. Антидене вирустан сіздің жеке қорғанысыңыз. Оны бір рет ауырып немесе вакцина жасатып алуға болады. Орташа есеппен, сырқаттанғаннан кейін антидене 6 ай сақталады. Сол себепті ДДСҰ жазылғаннан кейін 6 айдан соң екпе алуды ұсынады. Сіздің өз қорғанысыңыз жойылғанда жаңа қорғаныс қажет болады. Әзірге вакцинаны мүлдем қорғанысы жоқ адамдарға қалдыра тұруыңызға болады.
- Ауырғаннан кейінгі және вакцинадан кейінгі антидененің айырмашылығы қандай?
- Вакцинациядан кейінгі антидене тұрақты болады, себебі ауырғаннан кейінгі антидене сіздің қалай ауырғаныңызға байланысты түзіледі.
- Егер мен вакцинация алдында суықтап қалсам, қанша уақыт күту қажет?
- Егер әдеттегі суық тию болса, симптомдар біткен соң 2 апта. Егер коронавирус болса – 6 ай.
- Мутация не боп жатыр?
- Вирустар адамдар тәрізді үнемі мутацияланады. Көбейген кезде тірі ағзалар ұрпағы ата-анасына қарағанда табысты болуы үшін генетикалық ақпарат алмасады. Адамдар да үнемі мутацияланады, зигота түзген кезде ғана емес. Жасушаларыңыз бөлінген сайын мутация болуы мүмкін, ал сізде триллиондаған жасуша бар. Бірақ сіздің денеңіз бір жасушадан тұрмағандықтан оларды байқамайсыз да. Вирустың көптеген мутациялары өмір сүруге қабілетті емес болып шығады. Бірақ кейде осындай вирус үшін сәтті түрлері де болып тұрады. Солар таралады.
- Вакцина мутацияланған штамдардан қорғай ма?
- Кейбірінен қорғайды. Pfizer мен Модерна вакциналарын британ штаммына тексеріп көрді, жұмыс істейді екен. Басқалары туралы мәлімет жоқ. Спутник V қазір зерттеп жатыр, бірақ әзірге нәтижесін жарияламады. Еске сала кету керек, мутация тек адамдарда және үнемі болады. Тек кей мутациялар басқаларға қарағанда «сәтті» шығады. Сол себепті адамдардың барлығы ертерек екпе алса, вирустың аждаһаға айналу мүмкіндігі де төмендейді.
- Вакцина аз зерттелген бе?
- Қазіргі күні әлем бойынша 564 миллион адам екпе алды, тиімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты ондаған мақала жарияланды. Ақпарат көп және күн сайын жаңарып жатыр.
Айтпақшы, 200-ден астам зертхана вакцина шығару жарысына қатысты, 100-ге жуық вакцинаны зерттеп жатыр, қазір әлемнің кем дегенде бір елінде 13 вакцина рұқсат етілген. Біз көптеген вакциналардың жарыс жолынан шығып қалғанын немесе олардың дайындауды бәсеңдетіп, вакциналарды нақтылау немесе өзгерту үшін бастапқы «сызбаларға» қайта оралғанын көреміз.
Яғни олар вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдемек. Вакциналар үнемі зерттеліп отырады және оларға әрдайым баса назар аударылады, өйткені бұл емдеу емес, алдын алу құралы.