Медицина ұйымдарына бөлінетін қаржы қысқарады деген қауесетке сенбеңіздер – қор

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Медицина ұйымдарына бөлінетін қаржы қысқартылды деген қауесет шындыққа жанаспайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Соңғы кезде жұртшылық арасында қор медицина ұйымдарына бөлінетін қаражатты қысқартты, сол себепті халыққа көрсетілетін көмек көлемі де қысқарды деген пікір тарағаны жасырын емес. Бөлінген қаржы көлемі жыл сайын артпаса, кеміп жатқан жоқ. Жалпы, қор - кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен МӘМС шеңберінде халыққа көрсетілген қызмет ақысын төлейтін қаржы операторы. Яғни, келісімшарт белгілі бір сомаға бекітіледі, клиника сол сомаға жыл бойы қызмет көрсетеді», - деді филиал директоры.

Айтуынша, артық тұтынуды болдырмас үшін медицина ұйымдары көрсетілетін қызмет көлемін әр айға бөліп отыруы тиіс.

Қор көрсетілген қызметтердің сапасын тексереді және қызмет ақысы тиісті мониторингтен кейін ғана төленеді.

«Әдетте, мониторинг барысында стандарттар мен нормативтерден ауытқу сынды ақаулар анықталып жатады. Емдеу мекемелеріне айыппұл салынады, көрсетілген қызмет сомасы толығымен немесе оның белгілі бір бөлігі қорға қайтарылады. Ал, көрсетілмеген қызметті көрсетілді деп қосып жазған клиникалар үш есе айыппұл салынады»,- деді ол.


Соңғы жаңалықтар