Медициналық алғашқы санитарлық көмек ұйымдарының 80 пайызы мемлекеттік нормативке сәйкестендірілді

АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгінгі таңда медициналық алғашқы санитарлық көмек ұйымдарының 80 пайызы денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативіне сәйкестендірілді.
None
None

Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданына жасаған көшпелі алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша таратылған хабарламада осылай көрсетілген. «Аудандық орталық ауруханалардың 90,3 пайызы, ауылдық емханалардың 60,2 пайызы, ауылдық ауруханалардың 47 пайызы, дәрігерлік ауруханалардың 22,2 пайызы, фельдшерлік- акушерлік, фельдшерлік, медициналық пункттердің 7,1 пайызы типтік үлгіде салынған ғимаратта жұмыс істеп келеді. Ал 50 пайызға жуық медициналық нысандар (ФП, ФАП, МП, ДА) жалға алынған ғимараттарда орналасқан», делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2009 жылы республикалық бюджет есебінен ауылдық жерлерде 29 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталды. Оның ішінде 2009 жылы 6 нысанның (1 туберкулезге қарсы аурухана, 4 орталық аудандық аурухана, 1 емхана) құрылысы аяқталды. 2010 жылы 23 нысаннның құрылысы жалғасуда. 2010 жылдың бірінші жарты жылдығында 4 нысан іске қосылды.

«Жол картасы» аясында ауылдық жердегі 267 медициналық мекеме 2 844 млн теңгеге жөндеуден өтті. Соның 2 102 млн. теңгесі республикалық бюжеттен бөлінсе, қалған 742,3 млн. теңге жергілікті бюджеттен бөлінді. 2010 жылы «Жол картасы» шеңберінде ауылдық жердегі 108 нысанды 3 517 млн. теңгеге жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Соның 2 338 миллионын республикалық бюджеттен, 1 179 миллионын жергілікті бюджеттен бөлу жоспарланған. 2010 жылғы 1 қыркүйекке жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша 63 ауылдық нысан жөндеуден өтті.

Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық жабдықпен жарақтану деңгейі 2009 жылдың қорытындылары бойынша республика бойынша орташа есеппен 37,53 пайызды құрады. Ауылдағы денсаулық сақтау нысандарының компьютермен қамтамасыз етілуіне келетін болсақ, орталық аудандық ауруханалар - 100 пайыз, ауылдық ауруханалар- 71,2 пайыз, дәрігерлік амбулаториялар - 49,7 пайыз, медициналық пункттер - 0,4 пайыз қамтылған. Республикадағы ауыл тұрғындарын дәрілермен 845 дәріханалық ұйым және 2516 денсаулық сақтау ұйымы ( барлығы 3361)қамтамасыз етеді, бұл көрсеткіш қажетті көрсеткіштің 64 пайызын құрап отыр. Телемедицинамен еліміздің 14 облысыменқатар Астана және Алматы қалалары қамтылған.

Ауылдық жерлерді дәрігерлермен қамтамасыз ету қаламен салыстырғанда төмен, 2009 жылы ол 10 000 адамға шаққанда 14,1 және тиісінше 58,3 құрады. 2009 жылы ауылдық медицина ұйымдарына 488 маман жіберілген. 274 жас маман тұрғын үймен қамтылды. Сонымен қатар жаңадан келген мамандардың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында 150000- нан 300000 теңгеге дейін көтерме сыйақы тағайындалды және жер телімдері берілді.

Соңғы жаңалықтар