«Медициналық сақтандыру. Оның тиімділігі неде?» - Баспасөзге шолу
***
«Жақында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «Қоршаған ортаны қорғау комитетін экологтарға қайтарғымыз келеді. Басшылық тарапынан бұл мәселеде қолдау таптым. Сондықтан, қызметкерлердің біліктілігіне талапты күшейтіп, жұмыстың нәтижесін арттыруға күш саламыз. Бұл органның ашықтығын қамту керек, себебі, қоршаған ортаның мәселесі қоғамның ажырамас бөлігі», дегенді айтты. Өйткені, экология мәселесіне бірден-бір жауапты министрліктің атауы 1995-2014 жылдары аралығында 6 рет өзгеріп, ал 2014 жылы тамыздың 2-і күні біржола келмеске кеткен болатын. Соңғы рет Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі деп аталған бұл министрліктің функциялары Энергетика министрлігіне ауысып еді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Экологияны экологтарға қайтару керек» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, жоғарыдағы жаңалыққа экологиямен айналысатын әртүрлі қоғам¬дық ұйымдар мен ғылыми мекемелер, өзге де табиғат жанашырлары елең еткені күмәнсіз. Алайда, бұл комитеттің өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, халықтың үмітін толық ақтай алатынына сенім аз. Өйткені, министрліктегі өзінен қызметі мен лауа¬зымы жоғары басшыларға тәуелді комитет басшысы дербес шешім қабылдай алмайтынына ешкім дауласа алмайды. Кейбір мамандардың айтуынша, Қазақстан қоршаған ортаны қорғау бойынша кейбір заңнаманы қабылдау жағынан да көршілес елдерден кейін келе жатыр. Мәселен, елімізде әлі күнге дейін «Өсімдік жамылғысын сақтау» заңы жоқ. Сондықтан әлемде сирек кездесетін немесе еліміз олардың отаны саналатын көптеген өсімдіктер шикізат ретінде ғана емес, оны өсіріп, көбейтіп, зерттеу үшін аса құнды гендік материал тұрғысынан да жеткілікті деңгейде қорғауға алынбаған көрінеді.
«Бірінші байлық денсаулық» екендігін бүгінде адамзат баласы жақсы түсінеді. Адамның алтынға айырбастамас құндылығы саналатын саулықтың қадірін ауырмай тұрып білгенге не жетсін? Бұл ретте ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеудің ұзақ та саламатты өмір сүруге жағдай жасайтынын ескерсек, елімізде жаңадан енгізіліп отырған міндетті медициналық сақтандырудың осы мәселеде маңызы қандай деген сұрақ туындайды. Осыны білмек болған «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ Басқарма төрағасы Абай Байгенжинге бірнеше сауал қойған. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Медициналық сақтандыру жүйесін енгізбес бұрын Бүкіләлемдік банк мамандарын тарта отырып, халықаралық тәжірибенің егжей-тегжейлі зерттелгенін айтып өтейін. Денсаулық сақтау жүйесіне медициналық сақтандыру мәселелерімен тікелей айналысқан тәуелсіз халықаралық сарапшылар тартылды. Еліміздегі МӘМС моделі классикалық германдық, Ресей Федерациясының, Литва және Батыс Еуропа елдері Словакия, Чехия, Польша моделі тәжірибесінде құрылған. Бұл ретте еліміздің денсаулық сақтау саласындағы тың жүйе деп қарастыруға болатын медициналық сақтандырудың келешегі кемел деуге толық негіз бар. Осы арқылы болашақта сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі артып, халық мұқтаждығына жауап бере алатындай денсаулық сақтау жүйесі қалыптасып, денсаулықты жақсарту, өмір сүру ұзақтығын ұлғайту секілді мәселелердің түйіні ағытылатын болады. Сонымен, медициналық көмекпен жан-жақты қамту жұмыстары қарқынды дамып, тұтыну мөлшерін теңдестіруге мүмкіндік беретін қаржылық тұрақты денсаулық сақтау жүйесі қалыптасатын болады», - дейді. Сұхбат «Медициналық сақтандыру. Оның тиімділігі неде?» деген тақырыппен берілген.
***
«Максинск қаласында төтенше оқиға орын алып, таң ата анасы мен баласын үй шатыры басып өлтірді», - деп жазады «Экспресс К» басылымы.
Сол бір қайғылы оқиға орын алған түнде 50 жастағы әйел мен 12 жастағы ұлы бір бөлмеде, ал 24 жастағы ұлы көрші бөлмеде ұйықтап жатқан. Таңғы 6-лар шамасын қатты дауыстан шошып оянған үлкен ұлы жеке тұрғын үйлерінің шатыры жартылай құлағанын көрген. Осыдан кейін ол көршілеріне барып, көмекке жедел қызмет шақырған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар анасы мен баласының үйінді астында тірі екендігіне үміт артқан еді. Алайда, өкінішке орайдың өлі мүрдесі табылды.
***
«Семейде дүрбелең, қант бағасы күн сайын өсіп барады», - деп жазады «Время» газеті. Сатушылар баға жазылатын қағаздарын ауыстырып үлгерер емес. Апта басында ғана қант бағасы 260 теңге болса, одан кейін 270 теңгеге көтерілген еді. Енді 1 келісіне 285 теңгеге жетіп отыр. Бұған қоса, тек 5 келіден ғана сатып жатыр. Шағын дүкендердегі қанттың бағасы тіпті 350 теңгеге дейін көтеріліп кеткен. Ал кейбір сауда орындарында қант мүлдем жоқ.