Медицина мамандарына жасанды интеллектіні қолдануды үйрету қажет – профессор
АСТАНА. KAZINFORM – Медицина мамандарына науқасқа медициналық көмек көрсету кезінде жасанды интеллектіні пайдаланып, шешім қабылдауды үйрету қажет. Бұл туралы Назарбаев Университеті Медицина мектебінің профессоры, биомедициналық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Антонио Саррия-Сантамера Астанада өткен халықаралық конгресс барысында Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Профессордың сөзінше, қазір бүкіл әлемде жасанды интеллектіні медицинада тиімді пайдалану жолдары қарастырылып жатыр.
– Белгілі бір ауруларға арналған жүйелер қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Енді медицина мамандарына науқасқа медициналық көмек көрсетуге қатысты шешім қабылдағанда жасанды интеллектіні қалай пайдалану керектігін үйрету қажет. Бұл Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге ортақ міндет, – деді ол.
Сарапшы жасанды интеллектіні медицинада дамытудың екі негізгі бағытын атап өтті. Біріншісі – науқастың денсаулығына қатысты деректерді талдап, жеке ерекшеліктеріне сай медициналық көмек көрсету. Екіншісі – медициналық кескіндерді талдау және патоморфологиялық зерттеулер жүргізу кезінде ауруларды анықтау мүмкіндігін кеңейту.
Профессордың пікірінше, жасанды интеллектіні аурудың алдын алу үшін де тиімді пайдалануға болады.
– Мәселен, қант диабетінің алдын алуға болатынын білеміз. Бірақ әр адамға қандай тәсіл тиімді екенін анықтау маңызды. Бұл дәрі-дәрмекпен емдеумен шектелмейді. Адамдарға денсаулығын күту жолдарын түсіндіріп, әр адамға немесе халықтың белгілі бір тобына қажетті кеңес беру маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, жасанды интеллектінің мүмкіндігі зор, – деді Антонио Саррия-Сантамера.
Сарапшының айтуынша, қазіргі міндет – жасанды интеллектіні денсаулық сақтау саласындағы нақты мәселелерді шешуге көмектесетін құрал ретінде дамыту.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде өкпе обырын жасанды интеллект арқылы ерте анықтау жүйесін енгізуге не кедергі болып отырғанын жазғанбыз.