Медициналық қалдықтарды дұрыс сақтамаған павлодарлық компания қомақты айыппұл арқалады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысы бойынша экология департаменті «BB-Group KZ» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізу кезінде бірқатар заң бұзушылықты анықтады.

айыппұл
Фото: freepik.com

Тексеру нәтижесінде медициналық қалдықтармен жұмыс істеу бойынша жобалық құжаттамаға мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынбағаны белгілі болды.

Өңірлік экология департаменті «BB-Group KZ» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіп, қауіпті медициналық қалдықтардың жер учаскесінде дұрыс орналаспау деректерін анықтады.

- Компания медициналық қалдықтармен жұмыс істеу бойынша жобалық құжаттамаға мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алмаған. Ал қалдықтардың жер учаскесіне орналастырылуы экологиялық заңнама талаптарына қайшы келеді. Заңнамаға сәйкес, қалдықтарды жинақтау тек арнайы жабдықталған және белгіленген орындарда — алаңдарда, қоймаларда, сақтау орындарында және контейнерлерде жүзеге асырылуы тиіс, - деп хабарлады департаменттен.

Жоғарыдағыдай кемшіліктерге жол бергені үшін «BB-Group KZ» ЖШС Қазақстан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 332-бабының 1-бөлігі және 344-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Сондай-ақ экологтар медициналық қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі жобалық шешімдерге мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғанға дейін серіктестіктің жұмысын тоқтата туру туралы сотқа талап арыз түсірген.

Еске сала кетейік бұған дейін Павлодарда жүздеген тонна үйіліп жатқан медициналық қалдықтар анықталғаны туралы жазғанбыз. Қалдықтар «BB-Group KZ» ЖШС-не тиесілі болып шыққан.

Соңғы жаңалықтар