Медициналық куәландырудан бас тартқан павлодарлық бикеш 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM –Павлодар облысындағы ауылдардың бірінде полицейлер Тойота Камри көлігін тоқтатқан. Жүргізушінің әрекеті күдік тудырғаны себепті тәртіп сақшылары одан медициналық куәландырудан өтуді талап етеді. Алайда әйел адам бас тартқан.
Полиция қызметкерінің заңды талаптарын орындамағаны үшін бикеш жауапқа тартылды. Сотта жүргізушінің асырауында кәмелетке толмаған балалардың бары ескерілді. Сот шешімімен айыпталушы 8 жыл мерзімге көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылды.
- «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер 3000-ға жуық жол жүру ережелерін бұзудың жолын кесті. Оның 39-ы мас күйінде көлік жүргізіп, 854 жүргізуші жылдамдық режимін бұзған. Тағы, 389-ы қауіпсіздік белдігін тақпай, 334 жаяу жүргінші рұқсат етілмеген жерден жолдарды кесіп өтті. 146 жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермеді. Барлық құқық бұзушылар жазаланды, - деп хабарлады Павлодар облысы жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов.