Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмек тапшылығы мүлдем болмауы керек - Премьер-министр
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылға арналған дәрі-дәрмекті жеткізу рәсімдері биылдың соңына дейін аяқтау керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.
«Президент ұлт денсаулығын нығайту үшін кешенді шараларды іске асыруды тапсырды. Бұл орайда халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аса маңызды мәселе саналады. Мемлекет медициналық көмек көрсету кезінде және есепте тұрғандарға дәрілік заттарды тегін береді. Бұл мақсатқа биылдың өзінде бюджеттен шамамен 500 млрд теңге бөлінді. Дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету және оларды алдын ала сатып алу - ең басты міндеттердің бірі. Ауруханалар мен емханалар үшін 2025 жылға арналған дәрі-дәрмектерді сатып алу мен жеткізу рәсімдерінің барлығын осы жылдың соңына дейін аяқтау қажет», - деді О. Бектенов.
Бұл тұрғыда Үкімет басшысы медициналық мекемелерде дәрі-дәрмек тапшылығы деген мүлдем болмауы керек екенін қадап айтты.
«Бұған Денсаулық сақтау министрі мен СҚ-Фармация басшысы тікелей жауап береді. Жалпы, дәрі-дәрмек нарығын жекеменшік өндірушілер, жеткізушілер және дәріхана желілері қалыптастырады. Бұл бизнесті мемлекет препараттардың қауіпсіздігі, сапасы және оларды тіркеу тұрғысынан ғана реттейді. Жуырда дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауды енгізу аяқталды. Ол дәрі-дәрмектің өндірушіден емделушіге дейінгі қозғалысын штрих-код арқылы қадағалап отыруға мүмкіндік берді. Бұрын жеткізу тізбегін бақылай алмайтынбыз. Дәріханаларға контрафактілік және сапасыз препараттардың түсу қаупі де бар еді. Енді біз ауруханалар мен емханалардағы дәрілік заттардың қозғалысын емін-еркін көріп отыратын боламыз. Бұл тегін препараттардың заңсыз айналымына жол бермейді. Яғни, осы мәселеде тәртіп орнатылды», - деді Премьер-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалау енгізілді.