Сақтандырылмаған қазақстандықтар қандай медициналық көмекті тегін ала алады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан тұрғындары медициналық көмекті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және мемлекеттік тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында ала алады. Бұл тізімге нақты не кіретінін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры түсіндірді, деп жазды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Медициналық сақтандырылмаған қазақстандықтар қандай медициналық көмекті тегін ала алады
Фото: Астана әкімдігі

ТМККК бюджет қаражаты есебінен ұсынылады. Оны Қазақстан Республикасы азаматтары, қандастар, босқындар, шетелдіктер және ҚР аумағында тұрақты тұратын, ықтиярхаты бар азаматтығы жоқ тұлғалар пайдалана алады. Ал ел аумағында уақытша тұрып жатқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ баспана іздеген тұлғалар ТМККК-ге тек айналасына қауіп төндіретін аурулар кезінде ғана жүгіне алады.

– Көпшілік сақтандырылған мәртебесі болмаса, емханада қабылдамайды деп қате ойлайды. Алайда МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан көрсетілетін медициналық қызметтер тізімі бар, – деді ӘМСҚ басқарма төрағасының орынбасары Индира Сәркенова.

ТМККК аясында мынандай қызметтер көрсетіледі:

1. Жедел медициналық көмек: жедел жәрдем бригадасын шақырудан бөлек, санитарлық авиация қызметтері де кіреді;

2. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек: учаскелік дәрігердің (ВОП, терапевт, педиатр, медбике) қабылдауы, кең таралған ауруларды диагностикалау, емдеу және басқару, мақсатты топтар арасында профилактикалық тексерулер, иммуналандыру, аурулардың мінез-құлықтық қауіп факторларын ерте анықтау және мониторингтеу, салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау, репродуктивті денсаулықты қорғау шаралары, жүкті әйелдер мен босанған әйелдерді босанғаннан кейінгі кезеңде бақылау;

3. Амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек: ВИЧ-инфекциясы мен туберкулездің алдын алу және диагностикасы, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы ауруларды диагностикалау мен емдеу, жарақаттар, улану немесе басқа да шұғыл жағдайлар кезіндегі қызметтер;

4. Стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек: әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулары бар адамдарға арналған күндізгі стационар қызметтері;

5. Стационарлық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек: шұғыл көрсеткіштер бойынша госпитализация, стационардың қабылдау бөлімінде шұғыл госпитализация кезінде емдеу және диагностика, әлеуметтік маңызы бар және сирек кездесетін (орфандық) аурулар кезінде жоспарлы госпитализация, инфекциялық немесе паразиттік аурумен ауырған адаммен байланыста болған адамдарды оқшаулау, сондай-ақ инфекциялық немесе паразиттік ауруға күдікті немесе нақты диагнозы қойылған адамдарды госпитализациялау;

6. Медициналық оңалту: ТМККК аясында туберкулезбен ауыратын науқастарға медициналық оңалту жүргізіледі;

7. Уәкілетті орган белгілеген аурулар тізбесі бойынша паллиативтік медициналық көмек;

8. Қан және оның компоненттерімен қамтамасыз ету; 9. Патологоанатомиялық диагностика;

10. Өлімнен кейінгі донордан ағзалар мен тіндерді алу үшін дайындау, оларды алу, консервілеу, дайындау, сақтау және тасымалдау.

Сондай-ақ, пациенттерге белгілі бір созылмалы аурулар кезінде Денсаулық сақтау министрлігінің тізімінде көрсетілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдармен жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз ету қолжетімді.

Еске салайық, бұл медициналық қызметтер азаматтарға МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан қолжетімді.

Егер сізге медициналық көмек көрсетуден заңсыз бас тартса, әрбір емхана мен ауруханада жұмыс істейтін Пациентті қолдау қызметіне жүгінуге болады. Онда мәселені орнында шешуге көмектеседі.

Егер медициналық ұйым тарапынан түсіністік болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына шағым түсіруге болады.

Айта кетейік, Д және Е санатындағы адамдар МӘМС шеңберінде медициналық көмек ала алады.

Соңғы жаңалықтар