Медициналық тексеру: балалар арасында ас қорыту аурулары көбейген
АСТАНА. KAZINFORM — Мектеп оқушыларын жыл сайын медициналық тексеруден өткізу қарастырылған. Бұл тұрғыда балалар арасында қай ауру түрлерінің көбейіп бара жатқаны байқалып отыр? Бұл сұраққа ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді.

— Мектеп оқушыларының профилактикалық медициналық қарап-тексерулері «Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларды, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының білім алушыларын қоса алғанда, халықтың нысаналы топтарына профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді жүргізу қағидаларын, көлемі мен мерзімділігін бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Салидат Қайырбекова атындағы денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының жедел ақпаратына сәйкес, 2024 жылы профилактикалық медициналық қарап-тексерулермен жалпы 5 641 085 бала қамтылған, бұл жылдық жоспардың 92,1% құрады, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Тексеру қорытындысы бойынша балалардың 9,1 пайызында алғаш рет анықталған аурулар тіркелді.
— Бірінші орында ас қорыту жүйесінің аурулары, екінші орында — қан аурулары, үшінші орында тыныс алу жүйесінің аурулары анықталды, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша жылдық жоспардағы балалардың 52 пайызы тексерілді.