Медициналық ұйымдар лицензияны бес жыл сайын жаңартып отырады

АСТАНА. KAZINFORM — ДСМ медициналық қызметті лицензиялаудың бес жылдық мерзімін енгізуді қарастырып жатыр, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

больница, медицина, мед персонал, аурухана, анализы, рентген, МРТ
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Медициналық ұйымдардың қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі қолданыстағы мерзімсіз лицензия беру практикасының орнына медициналық қызметті лицензиялаудың бес жылдық мерзімін кезең-кезеңімен енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

— Бекітілген 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспары шеңберінде белгіленген стандарттарға сәйкестікті міндетті түрде қайта бағалай отырып, медициналық қызметке лицензияның мерзімсіз орнына бес жылдық қолданылу мерзімін енгізу жоспарланып отыр. Шара кадрлық әлеуетті, материалдық-техникалық базаны және көрсетілетін қызметтердің сапасын тұрақты бағалауға бағытталған, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, 2026 жылғы қаңтардан бастап денсаулық сақтау саласындағы шағын кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейінгі алғашқы үш жыл ішінде тексеруге тыйым салу нормасы алынып тасталады. Бұл шара қадағалау шарттарын теңестіруге және медициналық ұйымдар жұмысының ерте кезеңдерінде жүйелі бұзушылықтардың жинақталуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, Президенттің тапсырмасын орындау шеңберінде Министрлік қаржы мониторингі агенттігімен және басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп ТМККК және МӘМС шеңберінде қызмет көрсететін жеке медициналық ұйымдардың қызметіне бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бағалай отырып, кешенді тексеру жүргізеді.

Бүгінгі таңда ҚР-да медициналық қызметке лицензиясы бар 22 905 денсаулық сақтау субъектісі, оның ішінде 8 803 мемлекеттік медициналық ұйым, 14102 жеке денсаулық сақтау субъектісі тіркелген. 

Осыдан бұрын медицинаны қаржыландыру көздерінің мәліметтері біріктірілетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар