Мекемелік наградалар қызмет бабында қаза болған қаһармандардың есімімен аталады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде жаңа бастама көтерді. 

правоохранители
Фото: Акорда

- Мен мекемелік наградаларға қызмет бабында қаза болған қаһармандардың есімін беру мәселесін қарастыруды ұсынамын. Сондай-ақ көшелер мен құқық қорғау мекемелерін батырлардың атымен атауға болады.

Мұндай тәжірибе елімізде бұрыннан бар. Лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың есімі Тараздағы орталық көшелердің біріне берілді. Сондай-ақ қаладағы оқу-жаттығу полигоны да батырдың атымен аталған. Таяуда оның өмірі мен ерлігі туралы «Капитан Байтасов» атты көркем фильм көрермен назарына ұсынылмақ.

Өрт сөндіру кезінде опат болған Асқар Забикулин де елдің есінде. Астанадағы Өрт сөндіру бөліміне және сол бөлім орналасқан көшеге оның есімі берілді. Бұл азаматтарды нағыз бейбіт күннің батырлары деуге болады. Олар ақтық демі қалғанша антқа адал болды, қызметтік парызын өтеу жолында өз өмірлерін құрбан етті, - деді Президент

Ол елге және заңға қызмет етуге бел буған әрбір азамат адамгершілік пен әділдік құндылықтарын басшылыққа алатынын жеткізді.

- Қылмысқа қарсы күресті қастерлі парыз деп санайды. Мұндай қасиеттер адамға, ең алдымен, отбасындағы тәрбие арқылы беріледі. Құқық қорғау саласында ата-анасының жолын қуып, отбасы дәстүрін жалғастырып жүрген қызметкерлер аз емес. Қазір біз үш атадан бері тәртіп сақшысы болған Зайнулиндер әулетінің өкілдерін марапаттаймыз. Мен бүгін барша құқық қорғау жүйесінің ардагерлеріне зор алғыс айтамын. Сіздердің мінсіз қызметтеріңіз – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.

Жалпы, заң мен тәртіп ұғымы көшедегі тазалық пен қауіпсіздік сияқты қарапайым нәрседен басталады. Жергілікті билік, бизнес және қоғам белсенділері ортақ мүдде жолында күш біріктіріп жұмыс істесе, қоғамдағы заң мен тәртіп те нығая түседі. Қазір Ақмола облысында «Зиялы қауым» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ауыл әкімдері, ақсақалдар және шаруа қожалықтарының басшылары бірлесіп, учаскелік инспекторларға қолғабыс етуде. Жергілікті азаматтардың осындай үлгілі ісіне қолдау көрсету керек. Бұл – азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сондай-ақ ол бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген бірқатар ауылдың ақсақалдарын марапаттайтынын мәлімдеді.

- Құқық қорғау органдарының көп жұмысы сырт көзге көріне бермейді. Жедел қызметкерлер, тергеушілер, прокурорлар, криминалистер, патруль қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен басқа да құрылым қызметкерлері күн сайын ел тыныштығын қас қақпай күзетуде. Ешқандай қауіп-қатерге қарамастан, Отан үшін жасап жатқан адал қызметтеріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Мен Сіздерге сенемін! Әрқайсысыңыз мықты маман, отаншыл әрі адал азамат деген атқа лайықсыздар.

Әрине, құқық қорғау мекемелерінің жұмысында ешқандай қателік немесе жетіспеушілік жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ қара бұлтты төндірудің де қажеті жоқ. Бәріміз бір ел, бір халық болып Қазақстанымыз үшін қызмет етіп, табанды жұмыс істеуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ ұлттық парыз, азаматтық борыш. Қазақстан қауіпсіз, заң мен тәртіпке бағынатын ел болуы керек.

Сондықтан менің тапсырмам бойынша Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесі бір аптаның ішінде Құқық қорғау органдарының жұмысы туралы арнайы талдау дайындауы керек. Барлық түйткілдерді ашық түрде көрсетеді, мәселелерді шешу жолдарын ұсынады. Бұл – өте маңызды жұмыс, оны жалғастыру қажет. Түптеп келгенде, біздің басты бағдарымыз – айқын. Бұл – заң мен тәртіп қағидаты. Қызметтеріңізге табыс тілеймін! - деп аяқтады сөзін Мемлекет басшысы.

Кеңейтілген алқа мәжілісінде Бас прокурор Берік Асылов, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов сөз сөйледі.

Айта кетейік, заң және құқық академиясы түлектеріне бірден «аға лейтенант» шені берілуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар