Мексика шығанағындағы теңіз тіршілігі апаттан бері қалпына келмеген — зерттеу

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа зерттеуге сәйкес, 2010 жылы Deepwater Horizon мұнай платформасында болған жарылыстан кейін Мексика шығанағындағы теңіз жануарларының саны шамамен 60 пайызға азайған. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Мексика шығанағындағы теңіз тіршілігі апаттан бері қалпына келмеген — зерттеу
Фото: smithsonianmag.com

Зерттеу авторлары — Нова Оңтүстік-Шығыс университетінің биолог-океанографы Трейси Саттони мен Оңтүстік Каролина университетінің химик-океанографы Изабель Ромеро. Ғалымдардың еңбегі PNAS ғылыми журналында жарық көрді.

2010 жылғы 21 сәуірде Мексика шығанағындағы Deepwater Horizon мұнай платформасында болған апаттан BP компаниясының ұңғымасынан 134 миллион галлон мұнай төгілді. Содан бері аймақтағы теңіз жануарларының популяциясы толық қалпына келмеген. Бұл жаңа зерттеу нәтижесінде анықталды.

Зерттеу деректеріне сәйкес, Мексика шығанағында балық популяциясы 63,5 пайызға қысқарған. Киттердің негізгі қорегі саналатын асшаяндар мен крильді қоса алғанда, шаянтәрізділер саны 62 пайызға, ал кальмар мен сегізаяқ сияқты ірі теңіз жануарларының саны 59,7 пайызға азайған.

Саттони бастаған зерттеу тобы теңіз жануарлары санының азайғанын үш әдіс арқылы анықтады: тормен аулау, акустикалық сонар және генетикалық талдау. Соңғы әдіс түрлердің инбридинг (бір популяция ішіндегі жақын туыстас ағзалардың өзара шағылысуы — ред. ескертпесі) салдарынан генетикалық алуантүрлілігін жоғалтып жатқанын көрсетті.

Ромероның айтуынша, мұнай мен диспергенттер (мұнай төгінділерін жою кезінде қолданылатын арнайы химиялық қоспалар — ред. ескертпесі) балықтарға әртүрлі жолмен зиян келтіреді. Мұнайдың уыттылығы жоғары әрі қауіпті, ал диспергенттер мұнайды ұсақ тамшыларға бөліп, оның су қабатына таралуын күшейтеді. Бұл суда тіршілік ететін жануарларға мұнайдың зиянды әсерін күшейтеді.

Зерттеушілер болашақта мұндай оқиға қайталанса, химиялық заттарды қолданбай, оның орнына мұнаймен қоректенетін микроорганизмдердің көбеюіне ықпал ететін заттарды пайдалануды ұсынады.

Бұған дейін Keystone мұнай құбырының канадалық операторы 2022 жылы мұнай төгілуіне байланысты АҚШ-қа 26,9 млн доллар өтемақы төлейтіні хабарланған болатын.

Еске сала кетейік, бұған дейін British Petroleum мамандары Мексика шығанағынадағы мұнайдың төгілуіне ұңғы апаты себеп емес екенін айтқан еді.