Мексика Техастың шекараға қатысты талабын қабылдамады
АСТАНА. KAZINFORM — Мексика Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Техас штаты билігінің екі ел шекарасындағы Рио-Браво өзенінде орналасқан 9 аралға қатысты талабын қабылдамады. Ведомство аймақтық билік органдарының шешімімен мемлекеттік шекараны өзгерту мүмкін емес екенін мәлімдеді. Бұл туралы Мексика Сыртқы істер министрлігінің ақпараттық хабарламасында айтылған, деп жазады ТАСС.
— Мексика мен АҚШ арасындағы шекараны штат үкіметінің шешімімен өзгертуге болмайды. Оның шегі халықаралық шартта белгіленген өлшемдерге сәйкес айқындалады, — делінген құжатта.
Бұл мәлімдеме Техас билігінің Рио-Браво өзенінің арнасындағы 9 аралды штаттың жер кадастрына енгізу туралы шешіміне байланысты жасалған.
Мексика Сыртқы істер министрлігі 1970 жылғы Мексика мен АҚШ арасындағы шекара туралы шартқа сәйкес, Рио-Браво өзеніндегі шекара сызығы оның негізгі арнасының ортасымен өтетінін атап өтті. Бұл қағида өзеннің екі жағындағы аумақтардың қай елге тиесілі екенін, олардың бұрын кімнің иелігінде болғанына қарамастан, айқындайды.
Министрліктің мәліметінше, шарт талаптарын орындауға және әр аралдың қай мемлекетке тиесілі екенін анықтауға екі елдің үкіметі уәкілеттік берген жалғыз орган — Халықаралық шекара және су комиссиясы. Ал штат деңгейіндегі бірде-бір билік органына мұндай өкілеттік берілмеген.
Сондай-ақ ведомство шартқа сәйкес, екі елдің ешқайсысы комиссияның бағалауынша, өзеннің қалыпты ағысына кедергі келтіруі мүмкін құрылыстар салуға құқылы емес екенін еске салды.
Мексика билігі шекара маңындағы кез келген әрекетті жіті бақылап отыратынын мәлімдеді. Сонымен қатар екіжақты келісімдерді сақтауға және белгіленген тетіктер арқылы диалог жүргізуге бейілді екенін растады.
Бұған дейін Техас штатының Жер басқармасы бас комиссары Дон Бакингем бастаған билік өкілдері Рио-Браво өзенінің арнасындағы тоғыз аралға иелік ету құқығын жариялап, оларды штаттың жер кадастрына енгізуді тапсырған.
Техас билігінің мәлімдеуінше, бұл аралдарды қылмыстық топтар контрабанда жасау және мигранттарды шекарадан заңсыз өткізу үшін пайдаланады. Аталған аумақтарды штат меншігі деп тану билікке ол жерлерге құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен Ұлттық ұлан сарбаздарын жіберуге мүмкіндік бермек болған. Олар аралдардағы өсімдіктерді тазалап, аумақты патрульдеп, қоршау орнатуды жоспарлаған.
Айта кетейік, Грузия мен Әзербайжан шекараны белгілеу жұмысын жандандырмақ.