Мексика вейп пен электронды темекіге тыйым салды
АСТАНА. KAZINFORM – Мексика Конгресінің төменгі палатасы электронды темекі мен вейп өндірісіне, таратуға және сатуға тыйым салатын денсаулық сақтау туралы заңға енгізілген реформаны мақұлдады, деп хабарлайды El Pais.
Бастаманы президент Клаудия Шейнбаум ұсынды. Заңға енгізілген түзету вейптер мен электронды темекілерді пайда табу мақсатында сатып алған, өндірген, сақтаған, тасымалдаған немесе сатқандар үшін 1 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 26 000 песо (шамамен 740 000 теңге) айыппұл салуды көздейді.
Бастама іске қосылғаннан бергі ең даулы мәселе қылмыстық жазалар болды. Себебі кейбір партиялар реформа тұтынушыларды тиімді түрде қылмыскерге айналдырады деп мәлімдейді. Сынға жауап ретінде билеуші партия пайдаланушыларға айыппұл салынбайтынын нақтылайтын ережені қосқанын жариялады.
– Мақсат – балалар мен жастарды зиянды өнімдерден қорғау, - деп атап өтті Денсаулық сақтау комиссиясының төрағасы Педро Зентено.
Үш сағаттан астам пікірталас барысында кейбір оппозициялық заң шығарушылар мінберге тұтанған электронды темекі мен плакаттар алып шығып, үкіметті қара нарық тудыруы мүмкін Заңды алға тартты деп айыптады.
– Бұл – елімізде ондаған жылдар ішінде болған ең авторитарлық және абсурдтық реформа. Вейпинг шабуыл жасаудан, қорлаудан немесе қару алып жүруден қауіпті ме?, - деді Азаматтар қозғалысының өкілі Ираис Рейес.
Оппозиция сонымен қатар 800 беттен асатын мәтінде сарапшылар пікірінің жоқтығына наразылық білдірді.
Бұған дейін Өзбекстан вейпке тыйым салғанын хабарлаған едік.