Мексикада 5 млн доллар сыйақы тігілген есірткі картелінің басшысы ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Мексиканың Синалоа штатындағы Гуасаве қаласында «Лос-Масатлекос» («Масатландықтар») деген атпен танымал Meza-Flores TCO картелінің жетекшісі Фаусто Исидро Меса Флорес қолға түсті.

Главу наркокартеля поймали в Мексике: за информацию обещали $5 млн
видеодан алынған кадр

Қылмыс әлемінде «Эль Чапо Исидро» деген лақап атпен белгілі картель басшысының ұсталғаны туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі NBC News басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Федералдық тергеу бюросы (ФТБ) іздеудегі ең қауіпті 10 қылмыскердің қатарына қосқан Меса Флорес Мексика әскері мен картель содырлары арасындағы атыстан кейін ұсталып, Мехикоға жеткізілді. Қарулы қақтығыс Гуасаве тұрғындарын әбігерге салды.

Мексиканың Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, атыс кезінде картельдің жеті күдікті мүшесі мен Мексика армиясының төрт сарбазы қаза тапқан.

Мексика үкіметінің мәлімдеуінше, АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінен алынған барлау ақпараты аса қауіпті қылмыскерді ұстауға көмектескен.

Меса Флоресті қолға түсіру үшін мексикалық әскерилер арнайы операция жүргізіп, ол жасырынған ғимаратты айнала қоршауға алған. Операция барысында «жасырын әрекет ету және тұтқиылдан басу» тәсілі қолданылды. Картельдің күдікті мүшелері әскерилерге атыс қаруы мен жарылғыш заттардан оқ жаудырған соң, сарбаздар ғимаратқа басып кіріп, картель басшысы мен оның тағы екі сыбайласын тұтқындаған.

Бұған дейін АҚШ билігі Меса Флоресті ұстауға көмектесетін ақпарат үшін 5 миллион доллар сыйақы жариялаған еді. Ол АҚШ-қа есірткі контрабандасын жеткізіп, атыс қаруын заңсыз сақтады деген күдікпен іздеуде болған.

Айта кетейік, шиеленіс бәсеңдегенімен, сарапшылар картельдер арасындағы билікке талас өңірде зорлық-зомбылықтың жаңа толқынына ұласуы мүмкін екенін ескертті.

Сонымен қатар бұған дейін «Синалоа» есірткі картелінің басшысы өмір бойына бас бостандығынан айырылғаны хабарланған болатын.