«Мектебіміз апаттық жағдайда тұр»: Риддерлік ата-аналардың талабы ескерілді

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов Риддер қаласында дөңгелек үстел өткізіп, ата-аналардың талап-тілектерін тыңдады.
«Риддердегі қазақ тілді «Шаңырақ» гимназиясының ата-аналары мектептің апатты жағдайда тұрғанын айтып, жаңа білім ордасын сұраған. Ал әлеуметтік желілерде тараған ақпараттарға сенген №11 мектептің ата-аналары өз балаларын жаңа ғимараттан шығарып жібереді деп қауіптенген. Осылайша екі тараптың арасында түсініспеушілік туындап, дауға ұласқан», - делінген хабарламада.
Риддердегі №11 мектеп пен «Шаңырақ» гимназиясының ана-аналары арасында ұйымдастырылған дөңгелек үстел бейбіт келісіммен аяқталды.

«Мәселені шешу үшін екі тарапты да толық тыңдадық. Сосын екі жақпен бірлесе отырып, ортақ жиналыс өткіздік. Бұл өте дұрыс шешім болды. Ата-аналар түсініспеушілікті бірлесе отырып шешуге көмектесті. Нәтижесінде, «Шаңырақ» гимназиясы апаттық жағдайға байланысты тексерістен өтеді. Егер тексеріс нәтижесі мектепті апатты жағдайда деп таныса «Шаңырақтың» оқушылары №11 мектептің ғимаратына ұстаздарымен бірге ауыстырылатын болады. Екі мектептің де барлық құқықтары сақталады. Маңдайшаға №11 мектептің де, «Шаңырақ» гимназиясының да атаулары ілінеді. Аталмыш білім ордасы бір ауысымда 600 оқушыны қабылдауға қауқарлы. Бұл деген қос мектептің оқушылары екі ауысымда еш кедергісіз білім алады деген сөз», - дейді Дархан Сапанов.