Мектеп, аурухана және ХҚКО-дағы жемқорлықты тексеруге ерекше назар аударылады

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Айдос Сарым сыбайлас жемқорлық үшін лауазымды адамдар мен заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту туралы сұраққа жауап берді.

Мектеп, аурухана және ХҚКО-дағы жемқорлықты тексеруге ерекше назар аударылады
Фото: freepik

- Мәжілісте қаралған заң жобасы аясында лауазымды адамдар жемқорлыққа тосқауыл қоя алмаса, оған қатысты тәртіптік жаза енгізіліп жатыр. Сонымен қатар, заңды тұлғалар да қомақты сомада айыппұл төлейтін болады. Мәселен, мекемеде қылмыс дерегі анықталса, артынан тиісті іс қозғалады. Үлкен жаңалықтың бірі – болашақта мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік секторға келетін басшылар комплаенс-қызметіне арнайы өзінің жеке мүддесі туралы декларация тапсырады. Онда туған жері, құда-жекжатын, туыстарын атап көрсетіп, атқарған компанияларын әрі қызметтестерін тізіп шығып, толық мәліметті көрсетеді. «Болашақта осы компаниялардан адамдар келсе, тендер өткенге дейін өзімнің жұмысымды тоқтатамын» деп міндеттеме алуы керек. Ал осы құжатты уақытында тапсырмағаны немесе бұрмалағаны үшін жакершілік бар, - деді А. Сарым Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның пайымынша, жаңа нормалар адамдарды топырлатып түрмеге жабуды емес, қоғамда дұрыс мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

- Заң жобасын бір жылдан астам уақыт талқыладық. Ең көп шағым мемлекеттік қызметке емес, мектеп пен ауруханаларға, халыққа қызмет көрсету орталықтарына қатысты болғаны анықталды. Олар бұған дейін жемқорлықпен күрестің аясына енбеген субъектілер ретінде саналды. Бұрын агенттік негізінен мемлекеттік қызмет, ұлттық компаниялармен шектелген. Енді аталған мектеп, арухана және ХҚКО сияқты санаттарды да ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кеңінен қамтиды. Яғни олардан тиісті деңгейде сұрау болады. Заң қабылданғанан кейін, Үкімет көптеген нормативтік актілерді бекітуі керек. Осы жұмыстарда бірлесе жұмыс істеп, Парламенттік бақылау болады, - деді депутат.

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.

Осы орайда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң басшыларға тәртіптік жаза қолдану үшін «сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоймау» сияқты негіздемемен толықтырылады.

Заңды тұлғалардың жемқорлық қылмыстарына жауапкершілігі күшейтіледі. 

Мемлекеттік лауазымға немесе оған теңестірілген лауазымға орналасатын адам жұмыс орны бойынша кадр қызметіне жеке мүдделері туралы декларацияны тапсыруы керек.

Соңғы жаңалықтар