Мектеп баланың өз үйіндей болуы керек – Президент бала тәрбиесі туралы

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерді тек білім беретін орын емес, бала тәрбиесі мен жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыратын ортаға айналдыру қажет екенін айтты. Оқушылар мектепке зор ынтамен барып, оны білім алатын, достарымен араласатын әрі балалық шағы өтетін «өз үйіндей» қабылдауы керектігі айтылды.

Полный текст выступления Главы государства на пленарном заседании Августовской конференции
Фото: Ақорда

Республикалық Тамыз конференциясында Президент бала тәрбиесі мәселесіне баса мән беру қажеттігін атап өтті. Қоғамда заң мен тәртіпке, тазалыққа, мәдениеттілікке негізделген жаңа этика қалыптастыру ісі дәл осы маңызды миссияны жүзеге асырудан басталады.

– Қазір елімізде 7 миллионға жуық бала бар. Жастармен қоса есептегенде олардың үлесі халық санының жартысына жуықтайды. Еліміздің келешегі жарқын болсын десек, ең алдымен, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Жастардың бойына отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық құндылықтарын сіңіруіміз қажет. Әйтпесе, салынған мектептерден, білім саласындағы инновациялық шешімдерден еш нәтиже болмасы анық, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл тұрғыдан алғанда, оқу-ағарту саласы айрықша рөл атқаратыны баршаға мәлім.

– Мектептер сапалы біліммен қатар тағылымды тәрбиенің ошағы болуы керек. Балалар мектепке зор ынтамен баруы қажет. Олар мектепті білім алатын, құрдастарымен араласатын және өміріндегі ең тамаша жылдарды – балалық пен жастық шақтың шынайы ғажап кезеңдерін өткізетін өз үйіндей қабылдауға тиіс. Қалай болғанда да, жағдай дәл солай болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Мемлекет басшысы мектептерге ЖИ енгізу тапсырмасы тиісті деңгейде орындалмағанын сынаған еді. Президент балалар мен педагогтердің ЖИ-ді дұрыс әрі жүйелі қолдану тәртібін белгілейтін пәрменді шараларды шұғыл қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ Президент әлеуметтік желіде білім беру саласына қатысты негізсіз дау-дамай мен айқай-шудың көбейгенін сынға алды.