Мектеп құрылысы: Қазақстанда 259 мың орын тапшы
«Қазіргі уақытта 259 мың оқушы орнына тапшылық бар. Болжам бойынша 2026 жылға қарай оқушы орнына сұраныс шамамен 1 млн 200 мыңға дейін өседі. Сондықтан, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде былтыр 277 мектеп ашылды. Биыл тағы 225 мектеп салу жоспарланған. Сонда осы екі жылда кем дегенде 326 мыңнан аса жаңа орындар ашылады», - атап өтті министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Дегенмен министр әлі де мектептерді салу бойынша проблемалық мәселелер барын айтты.
«Осы мәселелер Президент тапсырмасымен іске асырылатын жаңа «Қолайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде шешіледі. Біріншіден, жоба шеңберінде қосымша 841 мың орынға 582 жаңа мектеп салынады. Екіншіден, осы мектептер сапасы жоғары бірыңғай құрылыс және жабдықтау стандарты қолданылады. Үшіншіден, сметада лабораторияларға, заманауи техника мен оқу жабдықтарына 16%-дан кем жұмсалмауы қажет», - деді.
Жаңа мектептерде пайдалы оқу алаңдары да ұлғаяды. Бастауыш сыныптарға жеке блок қарастырылады.
«Жаңа мектептерді педагогтермен қамтамасыз ету үшін 100 мың білікті кадр даярланады. Қазіргі уақытта 433 мектепті салатын жер телімдері анықталды, әкімдіктер тағы 155 жер учаскесін жылдың соңына дейін бөлуі қажет», - деді министр.