Мектеп оқулықтары басып шығарылмас бұрын қоғамдық сараптаудан өтеді - БҒМ
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi Бiлiм беру және ғылым саласындағы бақылау комитетiнiң төрағасы Саят Нүсiпов мәлім етті. Брифингте өңiрлердегi мектептердiң оқу жылына дайындығы туралы мәселе қаралған болатын.
Комитет басшысының айтуына қарағанда, соңғы уақытта мектеп оқулықтарының сапасына қатысты сын айту бәсеңси бастады. Дегенмен де, мектеп оқулықтарына сараптама жүргізудің тәртібі біршама өзгеріске ұшыраған.
«Оқулық сараптамасы үш сатыдан өтеді. Бірінші ғылыми сараптама, екіншісі педагогикалық, үшіншісі қоғамдық сараптама. Бұндағы басты жаңалық: қоғамдық сараптама біздің сайт арқылы тікелей авторизацияланған қоғам өкілдерімен жүргізіледі. Бұл үшін оқулықтың жобасы немесе толық макеті электрондық түрде ұсынылып, оның сараптамасы үшін қолжетімділік тұтастай қамтылады. Осы уақыт аралығында тиісті сайтта авторизацияланған барлық сарапшылар әлі баспаға түспеген, министрлік бекітпеген оқулық жобасымен танысып, ескертулері болса жасап шығады. Осылайша, біздің оқулықтарымыздың сапасына қатысты ешқандай да сын болмасы үшін біз қоғамдық сарапшылардың кең ауқымын тартуды көздеп отырмыз», - деді комитет төрағасы С. Нүсіпов.