Мектеп оқушылары жұмыс дәптерлерін сатып алуға міндетті ме
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Мектеп оқушылары жұмыс дәптерлерін сатып алуға қаншалықты міндетті деген сауалға Шығыс Қазақстан облыстық Білім басқармасынан жауап берді.

Ата-аналар өңірдегі кей мектептерде мұғалімдердің бірнеше пән бойынша жұмыс дәптерін сатып алуды талап ететіндіктерін айтып шағымданды. Десе де ата-аналардың арасында мұндай дәптерлерді алуды қолдап отырғандар да бар. Олар жұмыс дәптерлері оқушыларға материалды тиімді меңгеруге көмектеседі деп есептейді.
Бұл мәселеге орай Шығыс Қазақстан облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанғазы Әліпбаев жауап берді.
— Жаңа оқу жылында барлық оқушы бюджет есебінен қажетті оқу құралдарымен толық қамтамасыз етіледі. Ал жұмыс дәптерлері — тек қосымша материал. Егер ата-аналар оны балалар үшін қажет деп санаса, сатып ала алады. Бірақ бұл міндетті емес. Ата-аналарды жұмыс дәптерін сатып алуға мәжбүрлеуге ешкімнің хақысы жоқ, — деді ол.
Еске салсақ, осыған дейін Президенттің мектептен тыс жерде оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты еместігін айтқаны хабарланған.