Мектеп оқушылары қазақ батырының кіреуке сауытын тоқып шықты - БҚО

Кіреуке ерте заманда соғысқа киетін, оқ өтпейтін сауыт болғаны белгілі.
Журналист Болат Есқалиевтің хабарлағанындай, балалар мен олардың жетекшісі сауытқа 13 килограмм сым жұмсады, 11 мың сақина тор жасады. Аталған мұражайдағы бұл шығыршықты кіреукені тамашалаушылар өзге жерлерден де келуде.
Айта кетейік, Ж.Әбілпейісов қазақ батырының бес қаруын түгел жинауды мақсат еткен еді. Бұған дейін арнайы тапсырыспен садақ, айбалта, дулыға мен сауытты жасатып алса, енді бұлардың қатары кіреукемен толығып отыр. Оған қоса мектептегі өлкетану үйірмесі мен «Жерұйық» мұражайының күшімен өлкеде әріде өткен би, батырлар, халық емшілері, ауылдар шежіресі жайында мол дерек-дәйектер, көне жәдігерлер жинақталуда. Атамекендік ұл-қыздар Ж.Әбілпейісовтың бастауымен былтыр аруақты би, баһадүрлер жатқан Кенжеғара қорымындағы 81 құлпытасты картаға, 61 құлпытасты фотосуретке түсірді. Бұлардың арасынан белгілі журналист-өлкетанушы, «DANAkaz» журналының бас редакторы, төте жазуды оқитын Қазбек Құттымұратұлы тарихи екі тұлғаның құлпытасын анықтады. Оның біреуі - патша заманында Соналы болысын 30 жыл басқарған, 1888 жылы қазіргі Базаршолан ауылынан тұңғыш мектеп ашқан, болыс Мұхамеджан Сарғожиннің әкесі - Сарғожа бидің құлпытасы. Екіншісі - белгілі жазушы Берқайыр Аманшиннің арғы атасы Сартай бидің құлпытасы.