Мектеп оқушыларына вакцина салына ма – Министр жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Мектеп оқушыларына коронавирусқа қарсы вакцина салына ма?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отандық вакцина клиникаға дейінгі зерттеуден, бірінші және екінші фазадан өтіп, клиникалық зерттеудің шешуші үшінші фазасына келді. Біз бәрін хаттамаға, халықаралық стандартқа және талаптарға сәйкес жасап жатырмыз. Барлық принциптер мен барлық нормаларды сақтауымыз керек. Бұл өте маңызды, өйткені әңгіме халықтың қауіпсіздігі жайында болып отыр, сондықтан біз әрбір рәсім бойынша барлық талаптарды сақтаймыз. Наурыз айының ортасында бұл вакцинаны шығарып, азаматтарды вакциналай бастауды жоспарлап отырмыз.

Бірақ бұл жерде вакцинаны дайындауға қатысты ғылыми мәселелер Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне жататынын, ал вакциналаудың одан әрі мәселелері министрлік құзыретіне кірмейтінін еске салғым келеді», - деп жауап берді Білім министрі тілші сұрағына.

Министрдің айтуынша, мектеп оқушыларын екпе салдыруға ешкім мәжбүрлемейді.

«Ешкімді мәжбүрлемейді, мәжбүрлеп те жатқан жоқ. Мектептердегі медициналық бөлімді бірнеше жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің құзіретіне бергенбіз. Бұл мәселе бойынша да біздің әріптестерімізге жүгіне аласыз. Бірақ, мәжбүрлеу туралы тақырып болған емес», - деді А. Аймағамбетов.


Соңғы жаңалықтар