Мектепке дейінгі білім беру бағдарламаларының 30 пайызын жаңарту жоспарлануда - А.Сәрінжіпов
АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Мектепке дейінгі білім беру бағдарламаларының 30 пайызын жаңарту жоспарлануда. Бұл туралы бүгін 2014-2016 жылдарға арналған ҚР-дың білім және ғылым саласы дамуының басым бағыттары талқыланған Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.
«Білім беру мазмұнын жақсарту үшін мектепке дейінгі білім беру бағдарламаларын 30 пайызға және жоғары білімі бар педагогтар пайызын 30-ға дейін жеткізу жоспарлануда»,- деді ол.
Жалпы, оның атап өтуінше, мектепке дейінгі білім беру саласындағы көрсеткіш артып келеді. Қазіргі таңда 3-6 жас аралығындағы балалардың 70 пайызы балабақшамен қамтылған.
«Бұл жұмыстарды жалғастыру қажет. Дегенмен, бағдарламалардың сапасына, тәрбиешілердің біліктілігін арттыруға назар аудару керек. Бұл ретте біз 2016 жылы, яғни 3 жылдан кейін «Балапан» бағдарламасы бойынша 80 пайыздық қамту көрсеткішіне қол жеткізу міндетін қойып отырмыз. Сәйкесінше, мектепке дейінгі ұйымдар саны шамамен 10 мың болы тиіс», - деді министр.