15:57, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Мектепке дейінгі мекемелерден жоғары оқу орнына дейінгі аралықты қамтитын білім беру жүйесін жасау керек
АЛМАТЫ. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ – Қазақстанда әлі мектепке дейінгі мекемеден жоғары оқу орнына дейінгі аралықты қамтитын үздіксіз білім беру жүйесі жоқ.

Бұл кеше Алматыда өз жұмысын аяқтаған «Үздіксіз экономикалық білім беру: оқытуды және әдістемелік қамтамасыз етуді модернизациялау» деп аталатын IV республикалық оқу-әдістемелік конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақтың Тұрар Рысқұлов атындағы экономикалық университетінің ректоры Әли Әбішевтің айтуынша, қазір елімізде мемлекеттік бюджеттен мамандар дайындауға жұмсалатын қаржының көлемі жыл сайын ұлғайып келе жатыр. Алайда мектепке дейінгі мекемеге бөлінетін қаржы жалпы білім беруге жұмсалатын қаржыдан 7 есе, ал кәсіби білім беруге жұмсалатын қаржыдан 4 есе кем. «Білім беру мекемелерінің арасында өзара байланыстың болмауы кәсіби мамандар даярлау ісіне өз ықпалын тигізуде. Бұл тығырықтан шығудың жалғыз ғана жолы бар. Ол ? әлемнің дамыған елдерінің үлгісімен үздіксіз білім беру жүйесін жасау», - дейді экономика ғылымының докторы, профессор Әли Әбішев.