Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 71,5 пайызды құрайды - ҚР БҒМ

АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - Былтырғы жылдың көрсеткіші бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 71,5 пайызды құрап отыр.

Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 71,5 пайызды құрайды - ҚР БҒМ

Бүгін Парламент Мәжiлiсi Әлеуметтiк-мәдени даму комитетiнiң кеңейтiлген отырысы барысында ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Жауапты хатшысы Әлия Ғалымова осылай мәлімдеді. Еске салсақ, комитет отырысында 2012 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы талқыланған болатын.

Жауапты хатшының айтуынша, министрлік былтырғы қаражатты 99,8 пайызға игерген. Соның арқасында, өткен жылы 2011 жылмен салыстырғанда мектепке дейінгі ұйымдар желісі 999 бірлікке артқан. «Кезекке тұрып тіркелген балалардың жалпы санынан 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамту 71,5 пайызды құрады. Үш ауысымдағы және апатты жағдайдағы оқушы орындарының тапшылығы проблемалары кезең-кезеңімен шешілуде. Мәселен, 2012 жылы республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер есебінен салынған 48,5 мың оқушы орны бар 56 мектеп пайдалануға берілді. Соның ішінде үш ауысымды білім беруді жою үшін 14 мектеп, апатты жағдайдағы мектепті ауыстыру үшін 23 мектеп, оқушы орындарының тапшылығы проблемасын шешу үшін 19 мектеп салынды», - дейді Ә. Ғалымова.