Мектепке дейінгі ұйымдардың 64,3 пайызы қазақ тілінде жұмыс істейді - А. Сәрінжіпов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзге тілдердегі мектептерде қазақ тілін оқытуға бөлінетін апталық оқу жүктемесі әрбір сыныпта 1 сағатқа көбейтілді.
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің мемлекеттік тілді оқыту, қазақ тіліндегі оқулықтар мәселесі тақырыбындағы кеңейтілген отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.
Мемлекеттік тілді дамыту мен оқытудағы негізгі бағыттарына тоқталған ведомство басшысы, «Орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдеріндегі мектептерде қазақ тілін оқытуға бөлінетін апталық оқу жүктемесі әрбір сыныпта 1 сағатқа көбейтілді. Қазіргі кезде мектепке дейінгі ұйымдардың 64,3 пайызы қазақ тілінде жұмыс істейді»,-деді.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, Тәуелсіздік алған жылдар ішінде қазақ мектептерінің саны 1051 мектепке артып,техникалық және кәсіптік білім беру саласында мемлекеттік тілде білім беретін 93 ұйым қатарға қосылды. Мектеп оқушыларының 65%-дан артық бөлігі қазақ тілінде оқиды. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында қазақ тілінде оқитындар үлесі 1991 жылдан бері 23,1 пайыздан 51,6 пайызға жетті. Ал жоғары оқу орындарында мамандарды қазақ тілінде даярлау 58,6 пайызға дейін өсті.