Мектепке дейінгі біліммен қамту он жылда 96 пайызға жуықтады — Асан Дарбаев
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы Орнықты даму мақсаттарының (ОДМ) мониторинг жүйесі 200 индикаторды қамтиды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді.
— Қазіргі таңда Қазақстандағы ОДМ-ның мониторинг жүйесі 200 индикаторды қамтиды. Оның ішінде 69-ы Қазақстан үшін өзекті деп танылса, 131 индикатор мониторинг жүргізуге арналған, — деді вице-министр.
Сондай-ақ вице-министрдің айтуынша, соңғы он жыл ішінде Орнықты даму мақсаттары аясында бірқатар бағыт бойынша оң динамика қалыптасқанын атап өтті.
— Мәселен, мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 2015 жылы 53,8 пайыз болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 95,9 пайызға жетті. Бұл «сапалы білім» жөніндегі 4-Орнықты даму мақсаты аясындағы маңызды нәтиже, — деді вице-министр.
Ол өз сөзінде, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара тығыз байланысын талап етеді деп атап өтті.
— Стратегиялық құжаттарға енгізілген Орнықты даму мақсаттарының ұлттық индикаторлары бюджеттік бағдарламалармен тікелей байланысты. Бұл олардың практикалық іске асырылуы үшін қажетті қаржыландыру көзделгенін білдіреді, — деп түйіндеді ол.
Бұған дейін цифрландыру әлемдегі орнықты даму индикаторларының 70 пайызына ықпал ететінін жазғанбыз.
Еске сала кетейік, 2015 жылы БҰҰ 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) қабылдады. Осылайша әлем елдері алдағы 15 жылдың ішінде шұғыл түрде жаһандық проблемаларды шешуге кірісіп кетті. Қазақстан бұл бастамадан қалыс қалған жоқ, өзінің ұлттық мақсаттары мен міндеттерін айқындады. Ал оны орындауда жасанды интеллекті мен цифрлық технология қандай рөл атқарады? Kazinform тілшісі мемлекеттік органдардың атқарып жатқан және жоспарланған жұмыстарын негізге ала отырып тақырыпқа шолу ұсынады.