Мектепке дейінгі дайындық: Бала қандай дағдыларды меңгереді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мектепалды даярлық топтары мен сыныптарына қатысты қоғамда қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Алайда бұл даярлық деңгейі еліміздегі барлық мектеп пен балабақшаларда бірдей ұйымдастырылмаған.

балабақша
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Мектепалды даярлық сыныптары мен топтарының қалай жұмыс істейтіні жайлы Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында мәлімдеді.

Маманның айтуынша, мектепалды даярлық тек мектеп жанындағы сыныптарда ғана емес, балабақша жанындағы топтарда да ұйымдастырылады.

— Қазіргі уақытта елімізде 12 мыңға жуық балабақша бар, олардың көпшілігінде мектепалды даярлық топтары жұмыс істейді. Сонымен қатар ата-аналар тарапынан сұраныс болған жағдайда мектеп жанынан да арнайы сыныптар ашылады, — деді ол.

Сондай-ақ Манара Адамова мектепалды даярлық тобы мен сыныбының арасындағы айырмашылықтарға да тоқталып өтті.

— Балабақшадағы даярлық тобына бала таңертеңнен кешке дейін қатыса алады. Ал мектептегі сынып нұсқасы — мектеп форматында, яғни шамамен 4 сағат көлемінде білім береді. Бұл мектепке бейімделу кезеңі, — деді ол.

Бұдан бөлек, мектепалды даярлық сыныптарының ашылуы бірнеше факторға байланысты екені де айтылды. Ата-аналар тарапынан сұраныс түсіп, сыныпқа қажетті бала саны жиналған жағдайда сынып ашылады. Алайда ірі қалалар мен мегаполистерде бастауышқа сыныптар жетіспеушілігіне байланысты мектептерде мектепалды даярлық сыныптарын ашу мүмкін болмай қалуы ықтимал.

— Басқа жағдайда, заңды түрде ешқандай кедергі жоқ. Егер ата-анадан өтініш түссе, жергілікті атқарушы орган мен мектеп әкімшілігі тарапынан мектепалды даярлық сыныбын ашу міндетті, — деді департамент директоры.

Мектепалды даярлықтың мазмұнына да ерекше мән берілді. Маманның айтуынша, қазіргі даярлық жүйесі бұрынғыға қарағанда анағұрлым мазмұнды әрі нақты бағыттарға негізделген.

— Қазір мектепке қабылдау жасы 6 жас болып белгіленгендіктен, даярлық топтарында 5 жастағы балалар оқиды. Мұнда баланың байланыстырып сөйлеу дағдысы, сөздік қоры, коммуникативтік қабілеті, әлеуметтенуі дамытылады. Сонымен қатар дыбыстарды тану, әріптерді визуалды түрде ажырату, 20-ға дейін санау, геометриялық фигураларды танып-білу сияқты негізгі дағдылар қалыптасады. Ең маңыздысы баланың қолын жазуға дайындау, — деді Манара Адамова.

Маманның айтуынша, мектепалды даярлықтың басты мақсаты баланың мектепке бейімделуі мен оқу дағдыларын қалыптастыру. Бұл кезеңде бала жазуға, оқуға алғашқы қадам жасап қана қоймай, ұжымда жұмыс істеуді, тәртіпке бағынуды, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіреді.

Айта кетейік, оқушыларды мектепке дайындау үшін ата-аналарға шамамен 20 млрд теңге аударылды.

Соңғы жаңалықтар