Мектепке жол: Ақмола облысында 17 508 бала материалдық қолдауға мұқтаж

Білім басқармасы басшысы орынбасарының айтуынша, биыл жалпыреспубликалық «Мектепке жол» атты қайырымдылық акциясы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Жақсылық жаса» ұранымен өтеді. «Мектепке жол» республикалық акциясын ұйымдастыру мен өткізудегі бас әріптес - «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы.
Жыл сайын акцияға қатысуға ниет білдірушілер саны артып келеді. Өткен жылы облыста акция қорытындысы бойынша тұрмыс төмен, көпбалалы отбасылардағы 12 123 бала жалпы сомасы 416 миллион теңгеге материалдық көмек алды. Акцияны өткізуге аудан және облыс әкімдіктері, мемлекеттік құрылымдар белсенді қатысып, көмек көрсетеді. Республикалық акцияны өткізуге облыстың бизнес-құрылымдары да қатысады. Мәселен, «Ақниет» жеке қайырымдылық қоры жыл сайын балаларға кеңсе тауарлары бар 1 000 мектеп рюкзагын ұсынады. Биыл Ақмола облысының ұйымдары жалпы сомасы 11,2 миллион теңгеге 1 118 рюкзак алды
, - дейді Валерий Гамазов.
Акция барысында аудандар мен қалалардың білім бөлімдері тәуекел тобындағы балаларды (қараусыз қалған, қолайсыз отбасылардан шыққан және көшіп-қонушылар, сондай-ақ оқудан жүйелі түрде жалтарған басқа да оқушылар) анықтау бойынша рейдтер жүргізді. Рейд қорытындысы бойынша мектептерде әлеуметтік көмекке мұқтаж тәуекел тобындағы балалардың, отбасылардың атаулы, дербес тізімдері жасалады. Бұл олардың мектепке келуін қамтамасыз ету бойынша жұмысты одан әрі жүргізуге мүмкіндік береді.
«Биыл Ақмола облысы бойынша 17 508 бала материалдық қолдауға мұқтаж, оның 2 180-і бірінші сыныпқа барады. Жалпы орта білім алуға қол жеткізу үшін жағдай жасауға ықпал ететін білім беру саласын дамыту мәселелері бойынша білім беру жүйесі мен азаматтық қоғам арасында тұрақты әріптестік қалыптастыру қажет», - деп түйіндеді Валерий Гамазов,
Айта кетсек, биыл Ақмола облысының ауылдары мен қалаларында 11 мектеп пайдалануға беріледі.