Мектепке жол: Павлодарда 12 мыңнан астам оқушы көмекке мұқтаж

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірінде «Мектепке жол» акциясы басталды. Оның аясында 12 мыңнан астам балаға материалдық жәрдем жасалады.

Школьные принадлежности Мектеп заттары
Фото: Kazinform

Өңірлік білім беру басқармасының дерегінше, облыстың 12 мыңнан аса мектеп оқушысы көмекке зәру. Олардың дені — көпбалалы, аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балғындар.

— Акция барысында жүргізілетін негізгі іс-шаралар бар. Олар әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру. Демеушілердің есебінен оқушыларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар, киім, аяқ киім, портфель мен кеңсе жабдықтары сатып алынып жатыр. Жергілікті білім бөлімдеріндегі әлеуметтік қорғау қызметкерлері мұқтаж отбасылардың тізімін жасайды. Мектептермен бірлесе отырып нақты көмекті қажет ететін балалар анықталады, — дейді Павлодар облысы білім беру басқармасы балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің бас маманы Самал Әлімова.

Мамандар акция барысында рейдтер жүргізіп, жәрмеңкелер ұйымдастырады. Жәрмеңкелер аудан-қалалардағы базарлар аумағында өтеді. Мұнда оқу құралдары мен киім-кешек дүкендерден әлдеқайда арзан бағада ұсынылады.

Еске сала кетейік, Астанада 8500-ден аса бала мектеп жабдықтарын тегін алады.

Соңғы жаңалықтар