Мектепте әр сыныптың өз психологі болу керек — маман

АСТАНА. KAZINFORM — Психолог Лимана Құттыбекқызы BIZDIÑ ORTA подкастінде халық неге жалған психологтердің көмегіне көп жүгінетінін айтты.

психолог
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Маман психологтер бір сеансына кем дегенде 50 мың теңге алады. Ал жалған психологтер 15-20 мың теңгеден бастауы мүмкін. Бірақ мәселе мұнда емес. Жалған психологтер жылдам шешім ұсынады. Ал маман психологтер шешім бермейді. Біз сенің проблемаң мынандай деп айта салмаймыз, — деді ол.

Айтуынша, елімізде тәуелсіз психологтер тапшы.

— Әр мекемеде психологиялық қызмет болса, онда соншалық сұраныс болмайды. Мектептің өзінде бір ғана психолог мың балаға жауап бере алмайды. Әр сыныпқа бір психолог болу керек. Жасына қарай, ауыспалы кезеңіне қарай бағыттай алатын маман болғаны дұрыс. Мысалы, халыққа қызмет көрсету орталықтарын қараңыз. Ол жерде мамандар шаршап кеткен. Адамдардың кәдімгідей қажып кеткенін көрем. Біреу арызданады, біреу ұрсады деген сияқты. Ол жерде де психологтер отыру керек. Жалпы барлық жерде психолог керек. Прокуратурада да, полицияда да, бәрінде. Полицияда психолог отыр. Бірақ оны бәрі қатардағы қызметкер деп қабылдайды. Ал психолог оларға тәуелді болмау керек, — деді Лимана Құттыбекқызы.

Осыдан бұрын Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында жалған психологтерді қалай ажыратуға болатыны айтылды.

Соңғы жаңалықтар