Мектепте ұйымдастырылатын оқушы тамақтары бюджет қаражатынан екі есеге төменге сатып алынған - БҒМ
АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірқатар қалаларында мектепте ұйымдастырылатын оқушы тамақтары бөлінген бюджет қаражатынан екі есеге төмен сатып алынған. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңесінің отырысында Білім және ғылым министрлігінің Жауапты хатшысы Әлия Ғалымова осылай мәлім етті. Еске салсақ, кеңес отырысында «Мектептегі баланың тамағын ұйымдастыру мәселесі» талқыланған болатын.
Жауапты хатшының айтуынша, ата-ана мен мұғалімдер арасында көп әңгіме тудырған проблеманың бірі - мектептегі тамақтандыру аясындағы мемлекеттік сатып алулар. «Мемлекеттік сатып алуларды жүргізу барысында жергілікті білім беру органдары көп жағдайда бағалардың ұсынысы тәсілін қолданады. Өкінішке қарай мұндай жағдайда төмен баға басты рөл атқарады. Ал ауылдық жерлерде балаларға дайын тағам ұсынатын кәсіпкерлердің жоқтығы да мәселені өзектіге айналдырып отыр», - дейді Ә. Ғалымова.
Оның сөзіне қарағанда, Алматы қаласында бюджеттен 3 млрд. 854 млн. теңге бөлініп, бұл бір оқушыға 300 теңге бойынша есептелген. Ал конкурста осы қызметті 168 және 190 теңгеге ұсынған компания жеңіп алды. Ал Орал қаласында бір мектеп оқушысына күніне 150 теңге бойынша белгіленсе, жеткізушіге бұл көрсеткіш екі есе төмен ұсынылған. Алайда мұндай қаражатқа қаншалықты сапалы тағам алуға болатыны түсініксіз қалуда.
«Менің ойымша, бұл мәселе бүгін пісіп жетілді және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе талқылауды қажет етеді. Әрине, мектептегі тамақтандыру мәселелерін ұйымдастыруда баға ғана емес, басқа да басымдықтар, басқа да критерийлер есепке алынуы шарт», - деді Ә. Ғалымова.