Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мектептегі полицияның міндеті түсіндіру сабақтарымен шектелмеуі тиіс – Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM – Балалар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралардың аясын кеңейту керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.

Олжас Бектенов
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Балалардың қауіпсіздігі ерекше бақылауда болуға тиіс. Өңір әкімдіктеріне Ішкі істер, Төтенше жағдайлар және Оқу-ағарту министрліктерімен бірлесіп, мектептер маңындағы жол қауіпсіздігін, сондай-ақ олардың өртке және терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз етуде жіберілген кемшіліктерді тез арада жоюды тапсырамын. Ішкі істер министрлігі «Назар аударыңыз – балалар!» іс-шаралары аясында бұған дейін берілген нұсқамалардың орындалуын тексерсін. Іс-шаралар жоспарының өзін қыркүйек айының соңына дейін ұзарту керек. Жол бойында балалар жарақатының алдын алуға баса назар аударыңыздар. Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері мен басқа да өңірлер барлық мектептердің бейнебақылау камераларын Ішкі істер министрлігінің Жедел басқару орталықтарына жыл соңына дейін қосылуын қамтамасыз етсін. Әзірге 7 өңірдің ғана барлық мектебі аталған жүйеге қосылған, - деді О.Бектенов.

Оның айтуынша, мектептерге бекітілген полиция қызметкерлерінің міндеті тек құқықтық және түсіндіру сабақтарын өткізумен шектелмеуге тиіс. Балалар мен жастардың арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралардың аясын кеңейтіп, жандандыра түсу қажет.

Бұған дейін хабарланғандай, екі облыста мектептердің қауіпсіздік жүйесінде кемшіліктер анықталды.