Мектептегі тамақтандыру: Әкімшілік жауапкершілік енуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігі мектепте тамақтандыру қызметтерін сатып алу кезінде өнім берушілерді іріктеу талаптарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесін пысықтауда. Бұл туралы сала министрі Ғани Бейсембаев айтты.
Қыркүйек-қазан айларында еліміздегі мектеп асханаларының санитариялық эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне мониторинг жүргізілген.
«Республикалық мониторинг қорытындысы мектептегі тамақтандыру сапасына қатысты атқарушы органдар бақылауының әлі де жеткіліксіздігін көрсетіп отыр, бұл заңнама талаптарының бұзылу фактілерінен де байқалып отыр. Дәлірек айтқанда, мониторинг барысында 771 бұзушылық анықталғанын атап өткім келеді», - деді министр бүгінгі Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, министрлік мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысына кешенді бағалау жүргізген. Бағалау кезінде тамақтандыру сапасына жүргізілген мониторинг нәтижелері, асханалардың қажетті материалдық-техникалық жабдықталуы, 1 оқушыға шаққандағы өңірлердегі тамақтану құны, ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері ескерілді.
«Мәселен, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстарының және Шымкент қаласы әкімдіктерінің тарапынан мектептерде сапалы тамақтануды ұйымдастыруға тиісті көңіл бөлінбей отырғаны анықталды. Бұл аталған өңірлердегі әкімдіктердің тамақтандыру сапасына ерекше назар аударып, бақылауды күшейту қажеттігін көрсетеді. Қазіргі күні министрлік мектепте тамақтандыру қызметтерін сатып алу кезінде өнім берушілерді іріктеу талаптарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесін пысықтауда», - деді Оқу-ағарту министрі.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында мектеп асханасындағы тамақ сапасын арттыру бағытындағы ұстанымдарын айтқан еді.
Ел мектептерінде 1,7 млн бала тегін ыстық тамақпен қамтылған.