Мектептерде ай сайын балалардың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған сабақтар өтеді - БҒМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектептерде ай сайын балалардың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған сабақтар өтетін болады. Бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы Ержан Жиренбай осылай мәлім етті.
Брифинг қылмыстық қастандықтан бала құқығын қорғау шараларына арналған болатын.
«Жаңа оқу жылы басталмай тұрып, министрлік тарапынан барлық жергілікті атқарушы органдарға нұқсаулық хат жолданды. Онда біріншіден, білім беру мекемелерін мектеп психологтарымен, әлеуметтік педагогтармен толық қамтамасыз ету мәселесі қойылып отыр. Екіншіден, жаңа оқу жылынан бастап әрбір айдың соңғы аптасында сынып сағаттары шеңберінде балалардың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған профилактикалық сабақтар өткізу міндеттеледі», - деді министрлік сарапшысы.
Оның айтуынша, Білім және ғылым министрлігі балаларға қатысты нәпсіқұмарлық, зорлық фактілерінің көбеюіне байланысты қылмыстық заң бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары бекітілген. Сонымен қатар, білім беру мекемелеріндегі оқушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы құқық бұзушылықтарының алдын алу, дене мен психологиялық саулықты нығайту, халықаралық тәжрибелерге сәйкес, еліміздегі заңнамаларды жетілдіру көзделеді.
Ал Ішкі істер министрлігінің өкілі Әсет Оспановтың сөзіне қарағанда, алдағы уақытта балаларды қылмыстан қорғаудың профилактикалық шараларын жүзеге асыру жоспарланбақ. Соның бірі - психологтарды қатыстыра отырып, мектеп оқушыларының арасында психологиялық тест алу.