Мектептерде стоматология кабинеттерін ашуға не себеп болды
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде биыл жыл соңына дейін мектептерде 195 стоматология кабинеті ашылады. Бұл туралы «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында профессор, Балалар және ортопедиялық стоматология кафедрасының меңгерушісі Ардақ Еслямғалиева айтты.

— ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Болашаққа сау тіспен» бағдарламасы аясында балалардың ауыз қуысы денсаулығын жақсарту үшін мектептерде стационарлық-стоматологиялық кабинеттер ашылып жатыр. Қазір Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Жетісу, Алматы, Жамбыл облыстарында ашылды. 2025 жылы ел бойынша осындай 195 кабинет ашу жоспарланған, - деді ол.
Маманның айтуынша, 2016 жылы 15 жастағы жасөспірімдерде тіс құртының тарауы 75 пайыз болса, 2021 жылы — 86, 2024 жылы 87 пайызға жеткен.
— ҚР денсаулық сақтау министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі бірлесе жұмыс істеп жатыр. Елімізде оқушы саны 1000-нан асатын 1007 мекетп бар екен. ДДСҰ талабы бойынша оқушы саны мыңнан асқан мектепте осындай кабинеттер ашылуы тиіс. 2024-2028 жылдар аралығында елімізде осындай 987 мектепте тіс емдеу кабинетін ашу жоспарланған, - деді Ардақ Еслямғалиева.
Айта кетейік, бұған дейін мектептерде 1 мыңнан астам стоматология кабинеті ашылатынын хабарлаған едік.