Мектептерде тарихи-археологиялық қозғалыстар құрылмақ
«Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қоғамның, жалпы ғалымдардың, білім саласының, тарихшылардың көкейіндегі толғамды ойлардың өзегін ашып, атқарылар зор міндеттердің бағытын айқындайтыны сөзсіз. Сонымен қатар бұл мақала білім саласымен тығыз байланысты әрі маңызды. Білім беру - ол тәрбие, құндылықтарды қалыптастыру. Сондықтан тарихты білу, рухани қазына мен тарихи тұлғаларды білу, отансүйгіштікті насихаттау үшін, тәрбие жұмысын ілгерілету үшін берілген тапсырмалар өте маңызды», - деп тоқталды вице-министр Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық қоғамдық кеңестік отырысында.
А. Аймағамбетов аталған шаралар мектеп қабырғасынан басталатынын айта келе, мақалада көтерілген мәселелерге білім саласының барлық субъектілері қатысатынын жеткізді.
«Мектептерде өлкетану пәнін енгіземіз деп айтқан болатынбыз. Елбасының тікелей тапсырмасы бар. Өлкетану пәні бойынша барлық өңірлерде жұмыс топтары құрылды. Бүгінде осы оқулықтар дайын тұр. Бұл жұмыстың аясында тиісті шаралар атқарылады. Туған өлкенің тек тарихын ғана емес, сонымен қатар әдебиетін, тұлғаларын жан-жақты тану бойынша қажетті қадамдарды жасаймыз», - деді А. Аймағамбетов.
Бұдан бөлек ол мұражайларда сабақ жүргізу тұрғысында министрлік тиісті нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгеріс енгізгенін атап өтті. Сондықтан еліміздегі мектептерге мұражайларға барып, сабақ өткізу мүмкіндігі ашылды.
«Елбасының тапсырмасына сәйкес, мектептерде тарихи-археологиялық қозғалыстар құрылатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстарды бастап кеттік, тұжырымдамасы дайын. «Архив - 2025» бағыты бойынша жұмыстарымызды жалғастырамыз. Өйткені әлі де шет мемлекеттерде тарихымызға қатысты жәдігерлер баршылық. Оның барлығы зерттеуді қажет етіп тұр. Сәйкесінше, тиісті жұмысты Білім және ғылым министрлігі жүргізеді», - деді ол.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды.