Мектептердегі буллингті ерте анықтау тәсілдері бекітілді - Саденов
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу орындарында заңсыз әрекеттерді ерте анықтау тәсілдері бекітілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Саденов мәлім етті.
- Жаңа профилактика туралы заң аясында білім беру ұйымдарында балалардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетіктері көзделген. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмдері, оның ішінде буллингті және басқа да заңсыз әрекеттерді ерте анықтау тәсілдері бекітілді. Осы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін мектептерде тәлімгерлерді енгізу ұсынылады. Оның тиімділігі Жетісу облысында және шетелдік тәжірибемен де дәлелденді. Қазір Жетісу облысының 110 мектебінде пилоттық жоба іске асып жатыр. Тәлімгерлер тиісті топтармен нақты жұмыс, қиын жағдайдағы балалармен әлеуметтік оңалту шараларын жүзеге асырып жатыр. Нәтижесінде, осы мектептерде оқушылар арасында құқық бұзу әрекеттеріне жол берілмеді, - деді Е. Саденов.
Осы орайда ведомство басшысы Оқу-ағарту министрі мен әкімдіктер осы модельді барлық облыстарда енгізуді тездетуі қажет екенін айтты.
Бұған дейін хабарланғандай, биыл 1-сыныпқа 380 мыңнан астам бала қабылданады.