«Мемқызметкерлер өмiр бойы оқып өтедi» - баспасөзге шолу
«Мемқызметкерлер өмiр бойы оқып өтедi». «Айқын» басылымының бүгiнгi санында осындай тақырыппен мемлекеттiк қызметтегi реформалар жайында мақала жарияланды.
«Алдағы жылы елімізде «Мемлекеттік қызмет» туралы жаңа заң қабылдау жоспары тұр. Егер заң жобасы күшіне еніп жатса, онда мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігіне қойылатын талап күшейтіледі. Мәселен, мемқызметкерлер әр үш жылда бір рет кәсіби біліктілігін арттыруға міндетті болады», - деп жазады газет.
«Мемлекеттік басқару академиясы жаңа заң талабына сәйкес әрі кәсіби мемлекеттік аппаратты құру реформасына байланысты өздерінің білім беру бағдарламасын өзгертпекші екен. Мәселен, академия алдағы оқу жылынан бастап «Қызметкерлерді басқару» деп аталатын жаңа мамандықты енгізіп отыр. Бұл мамандықты оқып шыққан кадр бөлімінің мамандары мемлекеттік қызметкерлерді іріктеп, олардың қызметтік өсу жолын жоспарлап беретін болады», - делiнедi мақалада.
Келесі жылы Қазақстан жер-жаһанға жар салып, білікті судьялар арасында байқау жариялайды деп күтілуде, деп хабарлайды «Айқын» газетi.
«Елбасының «100 қадам» Ұлт жоспарына, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Ұлттық банкті Астана қаласына көшіру туралы» Елбасының биылғы 19 мамырдағы Жарлығына сәйкес, шетелдік судьяларды тарта отырып, елордада жеке «қаржы сотын» құру көзделген. Ұлттық сот жүйесінен тәуелсіз жұмыс жасайтын бұл соттағы шетелдік судьялар инвестициялық дауларды қараумен айналысады», - делiнген «Ағылшын-саксондық бағытты ұстанамыз» атты мақалада.
Газеттiң жазуынша, оның тағы бір ерекшелігі, біз үлгіге алып отырған «Дубай» орталығындай, «Астана» қаржы орталығының судьялары да ағылшын-саксондық құқықты ұстанатын болады.
«Бір айта кетер жайт, Қазақстанның өзі «континенталдық құқық» жүйесіне немесе «романдық-германдық құқықтық отбасыға» жататыны мәлім. Әрине, мамандар жақсы біледі, дегенмен бұлардың арасындағы айырмашылыққа қарапайым тілмен тоқтала кеткен жөн. Атап айтқанда, Қазақстан ХХ ғасырдан бері ресми түрде үлгіге қабылдаған және әлемнің басым көпшілігінде қолданылатын континенталдық құқықта судьялардың барлығы «жазылған құқыққа», яғни заңға, Жарлыққа, қаулыға және басқа да құқықтық құжаттарға сүйенеді», - дейдi мақала авторы.
«Біз өз өлкеміздің тәуелсіздік жылдары өсіп-өркендеуінің бар игіліктерін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланыстырамыз», - дейдi аталмыш мақаласында Л.Қиынов.
«Егемен Қазақстан» газетiнде «Абыройы асқан киелі түбек» деген тақырыппен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Қиыновтың мақаласы жарияланып отыр. Онда депутат Қазақстан Президентi Н.Назарбаевтың Маңғыстау өңiрiнiң дамуына қосқан үлесi туралы баян етедi.
«Әсіресе, Елбасының ағартушы абыз, үлкен діни қайраткер Бекет атаның өз қолымен салған мешітіне қаржы бөлгізіп, қайта өңдеуден өткізіп, басына келіп тағзым етушілерге арналып тұрғын жай салып бергендігін түбек халқы аңыз қылып айтып отырады. Елбасы Назарбаев 2001 жылдың 6 қыркүйегінде Ақтау теңіз портында болып, Ақтау - Иранның Ноушахр, Ақтау - Баку, Ақтау - Ресейдің Оля бағыттарындағы көліктік байланыс паромының ашылуына және де 2002 жылдың сәуір айында Ақтау теңіз порты еркін экономикалық аймақ болып құрылуына бастамашыл болса, қазіргі уақытта Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес, жаңадан автокөлік және теміржолдар салынып, түбектің дамуының жаңа мүмкіндіктері ашылуда», - дейдi депутат.
«Маңғыстау жерінің ең биік нүктесі - Отпан тауының басында «Отпан тарихи-мәдени кешенінің» де ашылуы және алдағы уақытта бұл арада қазақ халқының жүріп өткен жолдары туралы сыр шертетін мұражай бой көтеріп, келушілерге қызмет көрсететін түрлі мәдени ошақтар салыну ісі де қолға алынып жатыр», - деп жазады өз мақаласында Маңғыстау өңiрiнiң тумасы Л.Қиынов.
«Қытайда қазақ күресінен Азия чемпионаты өтті», деп хабарлайды «Егемен Қазақстан».
«Жақында Қытай Халық Республикасында қазақ күресінен ХІ Азия чемпионаты өтті. Оған 19 елдің командасы қатысты. Аса тартысты және қызықты өткен жарыста Қазақстан балуандары бес алтын медальді жеңіп алды. Бір алтын жүлдені Қытай өкілі иеленді», - делiнген мақалада.
«Чемпионат өте жақсы деңгейде өтті. Биылғы Азия чемпионатын біз Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районы Іле-Қазақ облысының Алтай қаласында өткіздік, - дейдi Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті, Азия федерациясының президенті Марат Шәмшiнұров. - Стадионда белдесулерді 35 000 адам тамашалап отырды. Мұндай көрермен ешқашан, еш жерде болған емес. Тіпті, стадионның сыртында көпқабатты үйлердің балконында тұрып, шатырына шығып, тамашалаған адамдарды да көрдік...Жалпы, Іле-Қазақ облысы қазақтың қаймағы бұзылмаған жері. Сол себепті, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды деген сөз бар емес пе, біз Азия чемпионатын өткіземіз дегенше Қытайдың өзінде де, басқа елдерде де халық жарыстан хабардар болып шықты. Оны әлемнің 35 телеарнасы көрсетті. Қытайдың 30 тілшісі, Иран, Ирак, Үндістан, басқа да елдердің журналистері келіп, хабар таратты. Жаңа чемпионат екі күнге созылды дедім ғой, соны халық екі күн қатарынан тікелей эфирден тамашалады».
Бүгiн ресми тiлде жарияланатын «Экспресс К» басылымында «Насильно мил мне будешь?» атты мақала жарияланып, онда Атырау облысында 14 баланың зорланғаны туралы хабар тарады.
«Биыл Атырау облысында кәмелеттiк жасқа толмаған 14 бала зорлаушылардың құрбаны болды. Оның үстiне зардап шеккен балаларға олар туыс болып келедi», - делiнген мақалада.
«Зорлаушылардың құрбандары кәмелеттiк жасқа толмағандар ғана емес, тiптi кiшкентай балалар да болып келген. Бұл жантүршiгерлiк қылмыстардың барлығы ашылды. Сондай трагедиялардың орын алуына ата-аналардың немесе педагогтардың балаға көңiл бөлмеуi немесе кәмелеттiк жасқа толмағандардың өз жүрiс-тұрысы себеп болады. Мәселен, полицияға кәмелеттiк жасқа толмаған қызды зорлады деген арыз-шағым түстi. Ол қыз алты айлық мерзiмде аяғы ауыр болған. Кейiн анықталғанындай, мектеп оқушысы жiгiтпен жүрген, кейiн аяғы ауыр екенiн бiлгенде, ата-анасының қаһарынан қорқып, зорланғанын хабарлаған. Нәтижесiнде iс жабылды», - делiнген мақалада.